Сырдария ауданында табиғи газ пайдаланатын тұрғындар қатары артады
ҚЫЗЫЛОРДА. 23 қазан. Қызылорда облысының Сырдария ауданында табиғи газға қосылатын ауылдар саны артатын болып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сырдария ауданының Қалжан ахун атындағы елді мекеніне «көгілдір отын» жеткізу мәселесі оң шешілді. Қазір оның мердігері «Ремстрой» ЖШС болғалы тұрғаны анықталды.
Аталған мердігер мекемемен келісім шарт жасалып, елді мекен бойынша жалпы ұзындығы 19,7 шақырымды құрайтын газ құбырлары жүргізілді. Тұрғын үйлерге арналған 149 дана газ құбыры түтігі орналастырылып, бүгінгі таңда, 5 дана газ реттегіш шкаф пункттері орнатылды. Бүгінгі таңда, газ құбырының тиісті құрылғыларын орнату жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар, С.Сейфуллин және А.Тоқмағанбетов елді мекендерін газбен қамтамасыз ету жобасының басталуына облыстық бюджеттен 20,0 млн.теңге қаржы бөлінді. Биылғы жылы мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жұмысты жүргізетін мердігерлік компания ретінде «АЭS and Limited» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған болатын. Аудандағы аталмыш елді мекендер бойынша тартылатын газ құбырының жалпы ұзындығы 48,6 шақырымды құрайды. Осының арқасында ауданда тағы 882 тұрғын үйге табиғи газ жеткізілгелі тұр.
Бүгінгі таңда мердігер мекеме елді мекендерде 6,6 шақырымға созылатын жоғары қысымды газ құбырын тарту жұмыстарын атқаруда. Аталмыш құрылыс жұмыстары 2024 жылға созылады. Ол сол жылдың соңына дейін толық аяқталып, жұмыс өзінің межелі мәресіне жетуге тиіс,
Тағы бір айта кету керек, бұған дейін аудан орталығы – Тереңөзек кенті толығымен газбен қамтамасыз етілген болатын. Алдағы уақытта Қалжан Ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендерімен қоса, аудандағы ең үлкен және іргелі қоныс – «Шаған» ауылын «көгілдір отынға» қосу жоспарланып отыр. Соның ішінде қазір «Шаған» ауылын газдандыру жобасы қаржы бөлінуі үшін республикалық бюджеттің қарауына ұсынылды.