Жаңалықтар жаңғырығыСпорт
Футболдан әлем чемпионаты тарихта тұңғыш рет үш құрлықта ойналады
ЖЕНЕВА. 4 қазан. Футболдың тарихында әлем чемпионаты алғашқы мәрте үш құрлықта өткізілетін болады. Бұл туралы sport-express.ru дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Осылайша 2030 жылы өтетін мундиаль планетаның үш бірдей континентінің алты мемлекеті жерінде керегесін керіп, қанатын жаяды.
Келіп түскен мәліметке сай, турнирдің негізгі ұйымдастырушылары қатарында Испания, Португалия және Марокко бар. Бұлардың алдыңғы екеуі Еуропадан болса, соңғысы – Африка құрлығының өкілі.
Сонымен бірге, чемпионаттың сөреден шығатын ілкі матчтары Оңтүстік Американың Аргентина, Парагвай және Уругвай елдерінде ойналады. Сөйтіп, жақын болашақта үш құрлықтың алты дәулетінде жаһандық футбол тойы дүркіреп өтетін болып жатыр.