Шиелі ауданында 6 елді мекенге газ желісі жүргізіледі
ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қазан. Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы 6 елді мекенге газ желісі тартылғалы жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назар аударып отырған басым бағыттарының бірі – ел тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Осыған байланысты қазір ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы тұрақты бақылауда», – делінген хабарламада.
Расында биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Шиелі ауданына қарасты 6 елді мекенге республикалық бюджеттен 1 млрд 531 млн теңге бөлініп, газ желісі жүргізіледі. Бұл елді мекендер толық газға қосылған жағдайда ауданның 78 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылмақшы.
Аудан бойынша Шиелі кенті, Ы. Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдары толық көгілдір отынға қосылған. Осыған сәйкес, аудан халқының 68 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр. Ендігі кезекте Еңбекші, Жиделіарық, Алмалы, Ә.Тәжібаев, Досбол датқа, Бестам ауылдары тұр.
Газдың келуі халықты пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз. Өңірге бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде «көгілдір отынның» жанғаны екі жақты тиімді. Газ ел өміріне береке, табыс, шуақ алып келеді. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына да үлкен серпін береді.