Сырдария ауданында ауыз су құбырлары жаппай жаңартылып жатыр
ТЕРЕҢӨЗЕК. 27 қыркүйек. Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы елді мекендердің ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Сырдария ауданы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында тұрғындар үшін ең бірінші қажеттіліктердің шешілуі тиіс екендігін атап көрсетті. Оның қатарында сапалы ауыз су, энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бар.
«Ауданда тұрғындар көтеріп жүрген мәселелердің негізінде ауыз су құбырларына зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде, аудан көлеміндегі Тереңөзек, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді елді мекендеріндегі бірқатар көшелердің су құбырларының тозғандығы анықталды», – делінген хабарламада.
Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ауданда ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр.
Биыл жоғарыда аталған көшелерге демеушілік есебінен әзірленген жалпы ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын «Сырдария ауданы Шаған елді мекені бойынша 5 көше, Қоғалыкөл елді мекені бойынша 3 көше бойындағы ауыз су құбыры мен көру құдықтарының құрылысына» қатысты 3 жобаға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бюджет көздерінен 278,7 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінде бұл жұмыстарды «Real Stroy Invest» және «Алтын Айдарлы» серіктестіктері атқаруда. Құрылыс жұмыстарының сапасы тұрақты бақылауда.
Сонымен қатар, Тереңөзек кенті мен «Аманкелді» ауылдарындағы көшелердің ауыз су құбырларын жаңартуға қатысты 3 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылған.