Кремль арнайы қызметке жаңа соғыс бүлігі қаупіне әзір болуды тапсырды
МӘСКЕУ. 29 тамыз. Кремльдегілер Евгений Пригожиннің көзі жойылғаннан кейін Ресейде тағы бір әскери бүлік туып кету қатері бар екенін ескеріп, арнайы қызмет органдарына тапсырмалар берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Американың The Moscow Times газеті өзінің РФ күштік құрылымдарында бұрын қызмет еткен, Кремльге жақын екі үкімет мүшесіне сілтеме жасай отырып, осы жайында жазды.
Мәнбелердің айтуларына қарағанда, арнайы қызмет органдары қазірдің өзінде «қарсылық қозғалыстары» туып кетуі ықтимал әскери құрылымдар арасында жұмыс жасауға кірісіп кеткен. Олар маусымның соңында бүлік көтерген «Вагнер» сияқты құрылымдардың шығып қалулары мүмкін екенін әсте естен шығармайды.
Жаздың күні Мәскеуге 200 шақырым жерге дейін келіп тұрған танк колонннасының үрейі Ресейді жиырма жыл ашса – алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған Владимир Путиннің зәр-иманын алғаны рас. Егер сол жолы Пригожин Кремльді қалаға басып кірсе, одан тақты тартып алуға мәжбүр болған да болар еді. Ол Ростовтан шыққанында президенттің жеке өзінің бұйрығын да тыңдамаған еді.
Режимге қатты қауіп төндірген Пригожин сонымен бірге РФ армиясының түкке тұрғысыз екенін танытып, жақсы ұйымдастырылған кез келген әскери құрылымның билікті басып ала алатынын көрсетіп кетті. 30 мыңнан астам жауынгері болған «Вагнер» қожайыны соның 5 мыңымен-ақ Мәскеуді басып алуға болатынын айғақтап, әскерилердің көзін ашты.
«Қазір «Вагнердің» көптеген мүшелері тек Пригожиннің өлімі үшін ғана билікке қарсы көтерілуге болады деп есептейді. Билік те мұндай тәуекелдің болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды», – дейді International Crisis Group аналитигі Олег Игнатов.
Пригожиннің көзі жойылғасын екі күннен кейін РФ президенті Владимир Путин «вагнершілердің» мемлекетке адалдықтары жөнінде ант берулерін талап ететін жарлық шығарды. Енді тұрақты армиядан тыс барлық әскери құрылымдардың мүшелері осындай ант қабылдаулары тиіс. Патша заманындағы казактар сияқты.
«Мәселе мынада, қазір Ресейде Путиннің образы көмескі тартты, Ресей қоғамы өзіне белгілі бір мақсатқа жету үшін одан гөрі шығын мен құрбандықтарды аз жіберетін күшті де шешімтал лидер керек екенін ұға бастады», – деді Игнатов сосын.
Кеше Украина Қарулы күштеріне бұған дейін алмастыру жолымен Ресейге қайтарылған орыс жауынгерлерінің бір тобы екінші қайтара тұтқынға түсті. Олардың дені енді өздерін тұтқын алмасу жолымен Ресейге қайтармауды, осында алып қала беруді жалынып сұрап отыр. Ресейде соғысуға ынталы адамдардың қатары күн санап күрт азайып келеді. Ал Путин жақын арада тағы да мобилизация жариялайды деген сыбыс тарап жатыр.