Лукашенко Беларусьтің Украинаға қарсы соғысудан бас тартатынын айтты
МИНСК. 18 тамыз. Беларусь президенті Александр Лукашенко РФ-ның «арнайы операциясы» мақсатына жетпегенін, ал өз елінің Украинамен соғыспайтынын сөз етті. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Батька» Ресей әскерлерінің Украина территориясына белорус жері арқылы шабуыл бастағанын мойындады.
Өзін өзі сайлап алған президент бұдан әрі егер украин әскерлері белорус шекарасын кесіп өтіп жатпаса, Минскінің мына соғысқа қатысуға ниетті емес екенін атап өтті. Алайда сонымен бірге РФ-ға «барлық уақытта көмек беретінін» де жасыра қоймады. Ол Ресейдің Украинадағы «арнайы соғыс операциясы» өзінің мақсатына жете алмағанын да ашып айтты.
Беларусьтің әлем мойындамаған президенті мұның бәрін «Медведчук арнасының» бұрынғы жүргізушісі Диана Панченкоға берген сұхбатында ортаға салды. Ал Панченко әуелі Ресейдің Украинаға басып кіруін батыл айыптаған, кейін украиналық сепаратист бизнесмен Медведчуктің шақыруымен Ресейге қоныс аударып, бірден орыс пропагандисі болып шыға келген украин журналисі еді.
Лукашенко өз әңгімесінде Путиннің Украинаға соғыс ашқалы жатқанын өзіне айтпағанын жеткізді.
«Ол (Путин – ред.) бәрінен бұрын Батыс ту сыртымнан соққы береді деп қауіп қылса керек», – деді Лукашенко.
Бұдан бөлек, белорус диктаторы кезекті мәрте 250 мың адамы мен қазіргі заманғы озық техникалары бар Ресейдің Днестр бойынан шабуыл бастауы мүмкін екенін ауызға алып, Украина тарапына тағы доқ көрсетіп қойды.