АҚШ алыс қашықтықты ATACMS ракеталарын Украинаға құпия жеткізген
КИЕВ. 25 сәуір. Құрама Штаттар Украинаға алысқа атылатын ATACMS ракеталарын құпия түрде астыртын жеткізіп қойған болып шықты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Bloomberg таблоидының Ақ үйдегі мәнбесіне сілтеме жасап жазғанындай, Украина Қарулы күштері оларды бірқатар уақыттан бері соғыста қолданып келеді. Аталмыш ракеталар АҚШ президенті Джо Байденнің 12 наурызда бекіткен Украинаға жөнелтетін жалпы сомасы 300 млн долларлық әскери көмек пакетіне енгізілген екен. Агенттік әңгімешісі Киевке сол бойда ATACMS жіберілгенін баяндайды. Бірақ олардың санын ашып айтпайды.
Ақ үйдің Украинаға құпия түрде ракеталар жөнелтуіне Ресейдің украинның «өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдарына» шабуыл жасай бастағаны мәжбүр етіпті.
Украина армиясы аталмыш зымырандарды бірінші рет 17 сәуір күні таңертең қолданып, РФ әскерлерінің Қырымдағы әскери аэродромына соққы беріпті. Екінші мәрте жақында РФ армиясының украинның Бердянск қаласының шығысындағы позициясын атқылауға пайдаланған.
24 сәуір күні АҚШ президенті Джо Байден Украинаға $61 млрд көлемінде әскери көмек беру жайлы заң жобасына қол қойды. Осының алдында АҚШ Сенаты Украинаға әскери көмек берудің жаңа пакетін мақұлдаған болатын. Оған дейін бұл заң жобасын АҚШ-тың Өкілдер палатасы қабылдаған еді.
АҚШ Сенатының барлау жөніндегі комитетінің басшысы Марк Уорнер атап өткендей, Украинаға әскери көмек беру ісі осы аптада-ақ басталады. Басқаларын айтпағанда, жаңа транштың ішінде 300 шақырым қашықтықтағы нысанаға дөп тиетін ATACMS зымыраны да бар. Ол Ресейдің Белгород, Курск, Воронеж облыстарының кез келген елді мекеніне еркін жетеді.
Күткендегідей, АҚШ сондай-ақ Киевке көмекті жылдамдату үшін қазір Еуропада тұрған қару-жарақтарын бере салуы да ықтимал.
Бұған дейін Пентагон Байден заң жобасына қол қойғаннан кейін бірнеше күннің ішінде Киевке тиесілі көмекті бере алатынын мәлімдеген еді. Ал Associated Press агенттігінің мәліметі бойынша, АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Киевке берілетін қажетті қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді бірнеше ай бұрын-ақ толық дайындап қойған екен, тек Конгрестің осы үшін арнайы қаржы бөлуін күтіп отырыпты.
Украина Президенті Володимир Зеленьский АҚШ Конгресі мен Сенатына көптеген миллиард доллар көлеміндегі әскери көмек беруді бекіткендері үшін алғыс айтты.
CNN-ның хабарлауынша, Байден әкімшілігінің Украинаға өз тарапынан құны $1 млрд-қа жуық жаңа әскери көмек пакетін дайындауды бастап кеткені жағдайға қанық бірден бірнеше мәнбе арқылы белгілі болып отыр.
Бұған дейін Британия премьері Риши Сунак өз елінің Украинаға 500 млн фунт стерлинг ($620 млн) мөлшерінде көмек ұсынатынын мәлімдеді. Бұл Ұлыбритания тарихындағы ең ірі әскери транш болғалы тұр. Киевке көмек шеңберінде әуе шабуылына қарсы Storm Shadow ракеталары да берілетін болады.