Прокурор Нүкенованың қайтыс болған уақытына қатысты таласты тоқтатты
АСТАНА. 4 мамыр. Астанада өтіп жатқан Қуандық Бишімбаев сотының жарыссөзінде прокурар Айжан Аймағанова марқұмның қайтыс болған уақытын нүкте қойып берді. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған дейін Салтанат Нүкенованың ауыр соққылардан кейін қай уақытты жантәсілім еткені жайлы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары өз версияларын тықпалап қоймаған еді. Оған қарсы жақ келіспейтінін білдірді.
«Қорғау тарапы жарыссөз барысында қан тиген жейде, мүсәтір, сынған есікті ұсақ-түйек деп атап, оған мән бермеуді сұрады. Ал екінші жағынан өз сөзіне өзі қарсы келіп, адамды соттай салуға болмайтынын айтады. Есік, жейде, мүсәтір бізге болған оқиғаны көрсетеді. Айыптау тарапы «Салтанатқа ұқсайтын әйелді іздеді», «Насырбекова заттарды сыртқа шығарды» деген секілді мәлімдеме жасаған жоқ, жарыссөз барысында да айтылмады. Қорғаушы тарап «Бишімбаев Нүкенованы не үшін өлтіргенін дәлелдеген жоқ», дейді. Адамды өлтіру үшін одан пайда көруі керек пе? Бишімбаев Салтанат Нүкенованы қызғаныштан өлтірді», – деді Айжан Аймағанова.
Прокурор сондай-ақ Салтанат Нүкенованың қайтыс болған уақытына қатысты да ойын кесіп айтты.
«Айыптау актісінде марқұмның қайтыс болған уақыты ретінде екі уақыт көрсетілгенін айтып жатыр. Салтанаттың кешкі уақытта қайтыс болғаны жайлы… Бұл олай емес. Айыптау актісіне мұқият қарайтын болса, ол жерде Бишімбаевтың 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні ұрып-соға бастағаны айтылған. Бұл куәгерлер берген жауаппен дәлелденді. Байжанов келген сағат 10-да Бишімбаевтың ұрып-соғуын тоқтатқан. Сот-медициналық сарапшы берген қорытындыға сәйкес, Нүкенова өлімге әкелген соққыны алғаннан кейін 6-8 сағаттан кейін қайтыс болған. Салтанат арпалысып жатты, бір уақытта өмір мен өлімнің арасында қалды. Соған сәйкес, түс мезгілінде қайтыс болған. Бұл айыптау актісінде анық көрсетілген», – деді Айжан Аймағанова.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 2 мамырында Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөз басталған болатын.