Желіде Шойгудың Украинадағы соғыс жайлы айтқаны күлкіге айналды
МӘСКЕУ. 16 тамыз. РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгудың Украинадағы соғысқа қатысты кезекті мәлімдемесі интернетте күлкі астында қалды. Бұл туралы ресейлік ресурстар дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей қорғаныс министрі Шойгудың бүгін Мәскеудегі баспасөз мәслихаты кезінде «Украинаның әскери ресурсы түгелге жуық таусылды» деген сөзі әлеуметтік желіде күлкі шақырды. Ол көпшілік алдында сөйлеп тұрғанында ресейліктерді бір серпілтпек болып, РФ армиясының майдандағы «табыстары» турасында айта кеткісі келген сияқты.
Алайда, әлеуметтік желіде атап өтілгендей, РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу бір жарым жылдан бері жүріп жатқан соғыс барысында төртінші мәрте осындай мәлімдемемен шығып отыр екен. Лекін Украинаның әлеуеті керісінше уақыт ұзаған сайын күшейіп, кеңге қанат жайып келеді. Ал Шойгу соғыс басталғасын тура бір айдан кейін жасаған бірінші мәлімдемесінде «украинның әскери әлеуеті толық жойылып біткені» жайлы баяндаған көрінеді.
Bloomberg агенттігі биылғы шілде айында Украина мен Ресей танкілерінің сан жағынан теңескенін атап көрсетті. Соғыс басталған кезде басқыншылар армиясының танктері қазіргіден үш есе көп еді. Қазір кейбір қару түрлерінен украиндар тіпті дұшпандарынан асып та түсіп отыр.
Ресейліктердің алдында мақтанып баққан министр қазіргі кездері Украина Қарулы күштері оңтүстіктегі майдан шебінің кез келген бағытында басымдық танытып жатқанын, орктардың тек шегінумен және жеңілумен келе жатқанын айтуды «ұмытып» кетті.
«Сендерге қарасақ, Украинаны осы кезге дейін үш қайтара жеңіп шыққан сияқтысыңдар ғой» деп әжуалай жазды желі пайдаланушылар.
Сонымен бірге ресейліктер еш уақытта әскер қатарында болмаған Шойгуды РФ-ның қысқа тарихындағы ең біліксіз қорғаныс министрі ретінде атап отыр.