Путиннің денсаулығы төмендеді, оның сауығып кетуі қиын
МӘСКЕУ. 16 тамыз. Ресей диктаторы Владимир Путиннің денсаулығы соңғы күндері бұрынғыдан да нашарлай түсті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейлік пабликтер Кремль қожайынының ахуалы созылмалы сырқат салдарынан дабыл қағарлықтай жағдайға жеткенін жазуда. Соның ішінде оның психикалық жағынан тұрақсыз екені атап көрсетілді. Демек, ақыл-есінде ауытқушылық бар.
Кеселі күшейіп кеткен Путин өткен сенбі-жексенбі күндері көпшілік алдында көрінуден бас тартты, сөйтіп, қарауындағылардың баянаттарын онлайн пішінінде қабылдады. Бұл күндері оның жанында тек отбасы мүшелері мен дәрігерлер ғана болды.
Бүгін, 16 тамыз күні «Генерал СВР» telegram-каналы диктатордың денсаулық жағдайы жайлы жаңа ақпар таратты. Оның жазуынша, РФ президенті қазір терең депрессияға кеткен, сондықтан өзін оншалықты адекватты ұстай алмайды.
Путиннің бұлайша кенеттен ауыр психологиялық қалыпқа түсіп кетуіне Курск АЭС-інде орын алған техногендік апат та әсер еткен сияқты.
Қазір диктатордың тап осындай апатты Запорожье АЭС-інде қайталауға мүдделі болып отырғаны да айтылып жатыр. Мәскеу осы кезде Киевті «ядролық апат» жасады деп айыптауы әбден мүмкін. Ал өзі бастан кешіп отырған стратегиялық тұйықтан шығу үшін ол РФ-ның, Украинаның және Беларусьтің бейбіт тұрғындарының орасан зор құрбандыққа ұшырауларына еш шімірікпей баруға дайын отыр.
Ресей армиясы Украинадағы ұрыс даласында күн сайын бір позициядан айырылып жатқан заманда Путинге мәселені тез шешіп алудың маңызы зор. Мұның үстіне, оның айықпас ауруға ұшырағаны айдан анық айқындала бастады.
Путиннің бұл жайын әзірге оның жақын шеңбері ғана біледі. Егер оның Запорожье жөніндегі жоспары жүзеге асырылатын болса, мұның жауапкершілігін Путиннің өзі ғана емес, сонымен бірге айналасы да көтереді.
«Денсаулық жағдайы нашарлай түскен Ресей диктаторы кейде өзін таза жынды секілді ұстайды. Мұндай адамға елдің тағдырын беріп қою – барып тұрған нақұрыстық», – деп жазады The Moscow News.