АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Қызылорда облысының әкімі егін шаруашылығы басшыларымен кездесті

ҚЫЗЫЛОРДА. 30 шілде. Осы аптада Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылының егiстік алқабын аралап, ондағы егіннің жайымен танысты. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды..

Жиынға аудандағы шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Алтын орақ алдындағы кездесуде аймақ басшысы олармен бірге күрiш өсiру мәселелерiн талқылады.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев егісті күтіп-баптау және суару барысын баяндады.

«Биыл дақылдарды тұрақты суаруға 3,8 млрд текше метр су лимиті белгіленді. Осыған сәйкес, 195,9 мың гектар жерге дақылдар егілді. Оның ішінде күріш көлемі 88,1 мың гектар, дәндi дақылдар 100,4 мың гектар, майлы дақылдар 5,3 мың гектар, мал азықтық дақылдар 70,4 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 19,9 мың гектар», – деді басқарма басшысы.

Осы жерде өткен жылмен салыстырғанда, жалпы егіс көлемі 7,4 мың гектарға, күріш 9,5 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша 302 гектарға артық болса, майлы дақылдар 653 гектарға, мал азығындық дақылдар 916 гектарға кемігені айтылды.

Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 872,5 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде 577,5 гектар жерге тамшылатып, 295 гектарға жаңбырлатып суару әдістері қолданылды.

Аймақ басшысы алдағы егін жинау маусымын барынша ұтымдылықпен ұйымдастырып, өнімді шығынсыз қамбаға құйып алуды тапсырды.

Жансая НҰРҚОЖА

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button