Путин соғысты тоқтатуға украиндардың көнбейтінін айтып шағымданды
МӘСКЕУ. 30 шілде. Ресей рашистік билігінің диктаторы Владимир Путин оқ атуды тоқтатқысы келетінін, бірақ қарсы шабуылға шыққан украиндардың қайтпай отырғанын баяндады. Бұл туралы «Диалог. ua» дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Кремльдің көсемі Владимир Путин кеше түн жарымында журналистермен кездесіп, өзінің Украинаға қарсы нағыз басқыншылық соғысы жөнінде біріне-бір қайшы келетін бірнеше жанжалды мәлімдеме жасады.
«Шілденің 30-на қараған түні ресейлік диктатор Владимир Путин журналистерді баспасөз мәслихатына жинады. Ол онда өзі Украинаға қарсы бастаған соғысты тоқтату тақырыбын қозғай отырып, бір-бірімен үйлеспейтін қарама-қайшы ойларын өргізді», – делінген хабарламада.
Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі барысында өзі бастаған соғысқа Украинаны кінәлі етіп көрсетуге тырысып бақты. Ол кезекті мәрте Киевпен келіссөз үдерісін бастап кеткісі келетінін аңғартты, бірақ мұны жасай алмайды екен-міс…
«Ондағы тармақтардың бірі (Африка елдері лидерлері ұсынған бейбітшілік бастамасы – ред.) оқ атуды тоқтату болды. Бірақ украин армиясы шабуылға шықты, олар шабуылда, былайша айтқанда, кең ауқымды стратегиялық шабуылды жүзеге асыруда. Біз оқ атуды тоқтатуды кімнен өтінеміз? Біз өзімізге шабуыл жасалып жатқан шақта оқ атуды тоқтата алмаймыз… Немесе бейбітшілік келіссөзін бастай алмаймыз, – біз бұрын одан бас тартқан жоқ едік… Мен барлық уақытта айтып келемін, біз одан ешқашан бас тартқан жоқпыз… Үдерісті бастап кету үшін екі тараптың келісімі керек», – деп сандырақтады сосын сөзінде сүйек жоқ Ресей диктаторы.
Ал арада екі минут өткеннен кейін ол өзінің сөздеріне өзі түзетулер жасап алып, РФ армиясының майдан даласында қол жеткізген қиялдағы «жеңістерін» мақтана айта бастады. Путин украин қарсы шабуылының толық тоқтатылғанын, «жаудың барлық жерде кейін лақтырылып тасталғанын» күлімсірей отырып, айтып шықты. Оның сөзіне құлақ түрсең, Ресей әскери бөлімшелері соңғы тәуліктерде тіпті «майданның кейбір тиісті бағыттарында ұзындығы 15, ені 4 шақырымға дейін тереңдеп ішке кіріп кеткен» көрінеді.
Бір қызығы, тиранның сөзіндегі мұндай қарама-қайшылықтар мен сәйкессіздіктер Ресей журналистерінің бірде-бірін алаңдата қойған жоқ.
Тағы бір айтарлығы, журналистер мен Путиннің аралары едәуір алшақ болды. Олар үлкен үстелдің үстіне жағалай отырғандарымен, диктатор оның ұшар басына, тым алысқа жайғасты. Тіпті баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та алыс бұрыштан орын алды.