Сыр бойында ұлттық жоба шеңберінде 27 медициналық нысан салынбақшы
ҚЫЗЫЛОРДА. 18 шілде. Қызылорда облысында ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға дейін 27 медициналық мекеме салынатыны белгілі болды. Бұл туралы syrboyi.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұрнағы күні арнайы өткізген мәжілісте осының бәрі тарқатылып айтылды. Жиын Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылауға арналды.
Бас қосуда Сыр бойында 2023-2024 жылдар аралығында ұлттық жобаны жүзеге асыру мұратымен 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет салынатыны айғақталды.
Аймақ басшысы бұл нысандардың 16-сы биыл, қалған 11-і келесі жылы пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Қазір биылға жоспарланған 14 нысанның мердігері анықталған. Тағы 1 дәрігерлік амбулатория құрылысының мердігері порталдағы техникалық ақау салдарынан анықталмаған.
Жиында Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, веб-порталдағы қателіктерді жойып, шілденің 20-на дейін мердігер мекемені анықтауды тапсырды.
«Мердігері белгілі 14 нысандағы құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі мен өз мерзімінде орындалуын облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бақылау жөніндегі басқармасымен бірлесіп қамтамасыз етуі тиіс», – делінген syrboyi.kz хабарламасында.
Бір медициналық бекет құрылысы бойынша 96,1 млн теңгеге Денсаулық сақтау министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылған. Алайда бүгінге дейін қаржысы республикалық бюджеттен нақтыланбай отыр.
Мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына министрлікпен тиісті жұмыстар жүргізу, алдағы жылға жоспарланған 11 нысан құрылысының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуді аяқтау тапсырылды.
Енді 2025 жылға қарай Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын көп бейінді ауданаралық аурухана деңгейіне жеткізу жұмыстары бойынша мемлекеттік сараптамаға енгізілген жобалар қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы керек.
Жансая НҰРҚОЖА