Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Зеленський: Не ар-намысты, не жақтастарды жоғалтқалы тұрмыз

КИЕВ. 22 қараша. Украина президенті Володимир Зеленський дәл қазіргі күндері украиналықтардың «өте қиын таңдау» алдында тұрғанын айтты. Бұл туралы BBC ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Трамп әкімшілігінің 28 тармақтан тұратын «бейбітшілік» жоспары Украинаны ғана емес, сонымен қатар Еуропа одағы елдері мен Ұлыбританияны келеңсіз тығырыққа апарып тіреп тастады.

Украина күтпеген жерден «өте қиын таңдауға» тап болды: Киев не АҚШ ұсынған «бейбітшілік» жоспарын сөзсіз қабылдауы керек, не «негізгі серіктесін» жоғалтып алу қаупіна ұшырайды. Президент Володимир Зеленський осыған байланысты Facebook парақшасында видеоүндеу жариялады. Сонда осы жайтты халыққа ашық жеткізді.

Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде қазіргі жағдайдың қоғамнан барынша ашықтық пен сабырлықты талап ететінін атап өтті. Ол осыдан бастап Украинаға бұрын-соңды болмаған қысым жасалып, ел дилеммаға тап болуы мүмкін екенін жасырмады. Осы кезде мемлекет пен оның басшысына әлем алдындағы «қадір-қасиетін жоғалту» немесе одақтастардың қолдауынан айырылып қалу деген екі жолдың бірін таңдауға тура келіп тұрғанын баяндады.

«Немесе орындалуы қиын 28 талап, не өте-мөте қиын қыстың қыспағына тап келу, – бұдан әрі – ахуалдың ауырлай түсуі мен түрлі тәуекелдерге бас тігу. Бұған көнбесек – бостандықсыз, қадір-қасиетсіз, әділеттіліксіз өмір кешу. Және бізге екі рет шабуыл жасаған елге үмітпен қарап, сенім артуымыз керек», – деді Зеленський. Ол енді Украинадан бұл дилеммаға жауап күтілетінін атап өтті. Бірақ президенттің өзі бұған 2019 жылдың 20 мамырында, Украинаның егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға ант берген сәтте жауап беріліп қойылған деп санайды.

Зеленськийдің айтуынша, Украина қажетті шешімдерге қол жеткізу үшін АҚШ және басқа серіктестермен сабырлы және сындарлы жұмыс істеуді жалғастырады. «Мен дәлелдер келтіремін, көндіремін, балама нұсқалар ұсынамын, бірақ біз жаудың Украина бейбітшілікті қаламайтынын, процесті бұзып жатқанын және Украинаның келіссөзге дайын емес екенін айтуына ешқандай себеп бермейміз. Бұлай етуге болмайды», – деді Зеленський.

Президент Киевтің «украиналықтардың қадір-қасиеті мен бостандығы», елдің тәуелсіздігі мен болашағы негізделген барлық ұсыныстардың назардан тыс қалмауы үшін «бүгін, сенбі және жексенбі, келесі апта бойы және қажет болғанша» мүмкіндігінше тезірек әрекет ететінін мәлімдеді.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев АҚШ-тың атынан дайындаған жоспарға Қырым мен Донбассты, соның ішінде Донецк облысының Ресей күштері әлі басып алмаған аумақтарын Мәскеудің бақылауына беру, Украина Қарулы күштері санын азайту, НАТО мүшелігінен бас тарту кіреді. Мұнда сондай-ақ украин жеріне шетелдік бейбітшілік күштерін орналастыруға тыйым салу, Украинаның ядролық қарусыздық мәртебесін нығайту, Ресейге салынған санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастау, G8 форматын қалпына келтіру және соғыс қылмыстары үшін рақымшылық жасау секілді тармақтар да бар.

Axios мәнбелерінің хабарлауынша, бұл ұсыныстар Киев пен Еуропа елдері астаналарын «естен тандырып отыр». The Guardian газетінің тілшісі Люк Хардинг жоспардың ағылшын тіліндегі нұсқасында «ебедейсіз тұжырымдар» бар екенін атап өтті, бұл құжаттың әуелі орыс тілінде жазылғанын айғақтай түссе керек.

Reuters мәнбелері Уашингтонның Киев «бейбітшілік» жоспарына 28 қарашаға дейін қол қоймаса, оған қару-жарақ пен барлау материалдарын жеткізу тоқтатылатынын айтып, қорқытқанын мәлімдейді. Сонымен қатар, Германия үкіметінің мәлімдемесіне қарағанда, Еуропа елдерінің лидерлері Зеленськиймен телефон арқылы сөйлескендерінде, жобаның негізгі баптарын қабылдамау, Украина армиясының елдің егемендігін қорғау мүмкіндігін сақтауы және қазіргі «қақтығыс сызығы» кез келген бейбітшілік келіссөздерінің бастапқы нүктесі болуы керек деген пікір білдірген.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button