Ердоған: «Түркия Украинаға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді»
АНКАРА. 8 шілде. Өткен түнде Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған мен Украина президенті Володимир Зеленьский келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл туралы Anadolu ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кездесу аяқталғаннан кейін президенттер бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер сұрақтарына жауап берді.
Мәслихатта Түркия президенті Қара теңіз астық бастамасы жөніндегі келісімді ұзартудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Бір жыл ішінде астық дәлізі бойымен 33 миллион тонна азық-түлік тасылды. Бұл келісімнің мерзімі 17 шілдеде аяқталады. Қазір келісімді жалғастыру өте маңызды болып тұр. Бұл бастаманы екі не үш жылға дейін созуымыз керек. Тұтастай алғанда, біз әлем нарығын 2 жылдық қормен қамтамасыз еткіміз келеді. Түркия 17 шілдеде мерзімі бітетін Қара теңіз астық келісімінің жалғастыруға үмітті. Біз мүмкіндігі болғанынша оны кемінде екі жылға жеткізсек дейміз», – деді Реджеп Ердоған.
Президент Түркияның Украинаны қолдауды жалғастыра беретінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Түркия Украина мен Ресей арасында бейбітшілік орнауына әлі де күш сала береді.
«Біз жанжалдың басынан өзіміздің Украинамен ынтымақтастықта екенімізді білдіріп, көптеген салаларда – саясатта, экономикада, қауіпсіздікте нақты көмектерімізді көрсеттік. Біз халықаралық құқық негізінде келіссөз жүргізу жолымен соғысты тоқтату үшін мейлінше тиімді күш жұмсаған ел болып шықтық», – деді президент.
Түркия президенті Украинаның НАТО-ға қабылдануы жайында да сөз қозғады.
«Украина, сөз жоқ, НАТО-ға мүше болуға лайықты. Мен мұны қолдайтынымды тағы да атап өтемін: оның мүше болғанынан әділетті әлемде ешкім зардап шекпейді», – деді Реджеп Ердоған.
Түрік мемлекетінің басшысы негізгі мақсат Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізу екенін баяндады. Ол журналистердің Украина мен Ресей арасындағы тұтқын алмасшылық үдерісіне қатысты сұрақтарына да жауап берді.
«Бұл бағыттағы жұмысты күшейту жалғасуда. Біз президент Зеленьский екеуміз осы тақырыпты да талқыладық. Келесі айда Түркияға сондай-ақ Путин мырза да келеді, онымен де осы мәселе жөнінде сөйлесеміз», – деді түрік лидері.
Өз кезегінде украин президенті қазіргі қиын жағдайда қолдау көрсетіп келе жатқандары үшін түрік президенті мен түрік халқына алғыс айтты.
«Негізгі тақырып – біздің Қара теңіз өңірінің, тұтастай алғанда, Еуропаның қауіпсіздігі. Украинаның территориялық тұтастығы мен егемендігін және біздің бейбітшілік жөніндегі формуламызды қолдағаны үшін Түркияға алғыс айтамын. Мұның негізінде елдерімізді, халықтарымыз бен мүдделерімізді мүдделерін қорғау жатыр», – деп атап өтті Зеленьский.
Әңгіме астық келісіміне келіп тірелгенде, украин лидері Киевтің оны жалағастыруды қолдайтынын айтты. Оның тағдыры бір мемлекеттің қолында тұрмауы тиіс. «Әлем астық дәлізінің жұмыс істеп тұруына мүдделі», – деді ол сосын.
Зеленьский сондай-ақ мұнда Николаев облысының порттарын да кеме қозғалысына пайдалану қажеттігіне назар аудара келіп, «әртүрлі дәліздер болуға тиіс» дегенге тоқталды.
Түркия мен Украина президенттері өнеркәсіптің стратегиялық саласындағы өзара түсіністік туралы меморрандумға қол қойды. Онда түйінді мәселелердің бірі ретінде дрондар мен ғарыштық технологиялар жасау атап өтілді.
Екі президент 11-12 шілдеде Вильнюсте НАТО-ның саммиті өткеннен кейін, 17 шілдеде тағы кездесетін болып отыр.