Қызылорда облысының әкімі Нанкинде бизнес саласының өкілдерімен кездесті
НАНКИН. 7 шілде. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қытайға іссапары барысында Нанкин қаласының бизнес қауымдастығы өкілдерімен ұшырасты. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қытай Халық Республикасына іссапары аясында Нанкин қаласының бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Іс-шара бизнес, қаржы ұйымдары, венчурлік қорлар және сауда қауымдастықтары инвестицияларын тартудың диалог алаңына айналды», – делінген хабарламада.
Сыр өңірінің басшысы қытай бизнесмендері алдында Қызылорда облысы экономикасының басым секторларындағы инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ аймақтағы халықаралық бизнес үшін қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады.
«Көріп отырғандарыңыздай, біздің ынтымақтастық алаңы кең. Біз екі өңір арасындағы өзара байланысты арттыруға бағытталған перспективалық жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Мемлекет тарапынан инвесторларға преференциялардың ауқымды түрлері ұсынылады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Шараға қатысушылар тарапынан Қызылорда облысының басым салаларының әлеуеті, Орталық Азиядағы ірі экономикамен ынтымақтастықтың перспективалық мүмкіндіктері қызығушылық туғызып, жоғары бағаланды.