АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Оқушылардың сабақ үстінде ұялы телефон пайдалануларына тыйым салынды

АСТАНА. 24 ақпан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақта ұялы телефонды пайдалануды шектейтін заңға қол қойды. Бұл туралы «Адырна» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары өткен жылғы қарашаның соңында Қазақстан мектептерінде ұялы телефон пайдалануды шектеуді ұсынатын заң жобасын қабылдаған еді. Оны биылғы 1 ақпанда Сенат депуттары мақұлдады.

«Ұстаздармен болған кездесулерде түскен тағы бір мәселе оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануына қатысты. Телефонға тыйым салуға заңнамада нақты шектеу жоқ. Осыған орай жобаға сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да енгізілді», – деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс өкілінің пайымынша, оқу барысында бала сабақ оқуы керек. Себебі, телефон бұл процеске кедергі келтіреді.

«Біздің ұсынып отырған нормамыз тек сабақ кезінде ғана шектеуге арналған. Ал баланың үзілісте пайдалануына шектеу болмайды. Сабақ кезінде бала әлеуметтік желілерді қарап отырғаны дұрыс емес. Егер мұғалімнің сабақ жоспарында кейбір қосымшаларды пайдалану қажет болса, онда сабақ кезінде инновациялық технологиялар мақсатында смартфонды қолдануға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, жалпы мектепте пайдалануға шектеу қарастырылмаған», – деді депутат.

Оқу-ағарту министрінің орынбасары Наталья Жұмаділдаева шектеу тек оқу процесі кезінде ғана қолданылатын мәлімдеді.

«Біз балаға ұялы телефонды пайдалануға тыйым салу туралы айтып отырған жоқпыз. Көптеген ата-ана қажет кезінде баласымен байланыса алмай қаламыз деп ойлайды. Шын мәнісінде шектеу тек сабақ барысында ғана қолданылады», – деді ол.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button