АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Теңіз аттас ауданның тағдыры тағы да қыл үстінде тұр

Арал ауданы тұрғындарына ашық хат

Аралдық ағайын!

«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің бағыты, бар тілегі: Ең алдымен Кіші Арал теңізі сақталып, Арал қаласына дейін теңіз келсін. 10 жылға Еркін экономикалық аймақ құрылып, оны Еуропа деңгейінде басқару, жаңа экологиялық таза Арал (Тұрантөр) қалашығын салу, республикада төртінші Тұран облысын құруды сұрау. Экологиялық апат аймағында зиянды химия өндірісін, кальцийлендірілген сода зауытын салдырмау. Жылына 6 150 000 химия шламы тіршілік ортасына есепсіз зиян әкелетініне күмән жоқ. Бұл химия! Тірі емес. Бар тілегіміз: Арал өркениетті өлке болып дамыса екен.

Осы қоғамдық бірлестіктің төрағасынан бастап, барлығымыз – Аралда туып-өскен азаматтармыз. Қазақстан Республикасында қызмет атқарып, талай марапаттар мен лауазымдарға ие болдық. Арамызда есімдерін ел білетін ғалым, ақын, жазушы, композитор, суретші, кәсіпкер, спортшы, әкім, заңгер, жастар т.б. жанашырлар бар.

Біз «аралдықпыз» деген патриоттық рухта тәрбиеленіп өстік. Аралдың барлық жетістігіне қуандық, мақтандық. Спортшы десе, Дәри аға, билік десе, Ұзақбай аға, актер десе, Құдайберген аға т.т. көптеген марғасқаларымыз алда тұрады. Совет кезінде басқа республикаларда жүрсек жөн сұрағанға «Аралданбыз» десек түсінікті болып жататын.

Қазақстан жеке мемлекеттік алғалы саясатта көп векторлық деп аталатын адами қатынаста екіжүздік деп аталатын қарым-қатынас орын алғаны оның түп атасы Нұрсұлтан Назарбаев екені, оның жүргізген саясаты екені рас.

Ағайын-ау, ол саясат. Бағасын ала жатар.

Қарапайым жұрттың онда не қатысы бар?

Аралға су керек, химзауыт салынбасын, орнына еркін экономикалық аймақ жасасын дегенде неге томсырая қаласыңдар? Неге саясатты түсінгіш, жөн айтып тұрған өз ағайыныңа мейрімсіздікпен безірейіп, екіжүзділікті меңгерген, сабыршыл, «аманатшыл» (Нұр Отан) бола қаласыздар? Ау, осындай мәселені ашық көтерген Аманғос Есмұрзаев бауырымызға лайықты болған соң көше атауын бердіңіздер, демократия бастауы деп, желтоқсаншылар мен азаттықтарға дәріптеп мақта, марапаттауды үйіп-төгіп жатырсыздар. Олар бір аңыз кейіпкерлері ма еді. Олар да Аралдың өркендеуі үшін еңбек еткендер. Осы бүгінгі Тұран ойпаты – Арал теңізі… ҚБ -нің басы-қасында жүргендер де сол ауған соғысы, желтоқсаншылдар, азатшылдар бәрі де, – Сіз бен біздерміз. Ештеңе өзгерген жоқ. Ол кезде қазақ тәуелсіз болсын дедік, теңіз толсын дедік. Енді Арал өңірі өркендесін, теңіз толсын дейміз.

Өкінішке қарай, бүгінгі билік әділ емес. Жүйе өзгеруі керек. Бірақ адамдық-ағайындық құрмет, біліктілік, мінез, қадір-қасиет, ұят, ар мен намыс, тіптен жоғары кәсібилік сақталуы керек. Қайтсем, қарным тоқ болады емес, қайтсем арым ақ боладыны іздеген жөн.

Бір сәтке болса да «Мен – аралдықпын! Теңізіміз толсын! Экологиялық таза өңірде өмір сүруге лайықпын» деп ойлану керек.

Сұрайтыным, бүгінгі биліктен алған лауазымға, марапатқа иланып, адаспаңыздар! Ол бір сәт қызығы ғана. Бәрі өтеді. Біздер үшін маңыздысы – Арал теңізінің толуы. Қазақ- Алшын ұрпағының ата-бабасының аяулы даласында ұзақ ғұмыр кешкені.

Жолы: Көкаралды көтерсе, су Аралға келеді. Еркін экономикалық аймақ берсе, қытайлық химзауыт керексіз болып қалады. 700 жұмыс орнын жергілікті кәсіпкерлер де береді.

Ізгі ниетпен, Нұртуған ТҰРЖАНОВ

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button