Қызылорда қаласына жаңа әкім тағайындалды
ҚЫЗЫЛОРДА. 1 тамыз. Нұржан Ахатов Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған дейін ол Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарған. Бұл лауазымды 2022 жылдың 15 шілдесінен бері атқарып келді.
Нұржан Сәбитұлы Ахатов 1978 жылы Шиелі ауданында туған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Нұржан Ахатов қызмет жолын Қызылорда облысы статистика жөніндегі есептеу орталығының жабдықтаушы маманы болудан бастаған. Кейін Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде болған. Қызылорда облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде жауапты қызметтер атқарған.
Өндіріс саласында да мол тәжірибе жинақтап, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры лауазымын абыроймен атқарып, қалалық мәслихат депутаты ретінде де қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты.
Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі Серік Қожаниязов басқа жұмысқа ауысына байланысты қызметінен босатылды.