Щи Дзиңпиң Путинді Украинаға ядролық соққы беруден сақтандырды
БЕЙЖІҢ. 5 шілде. Қытай лидері Щи Дзиңпиң Ресей президенті Владимир Путинге Украинамен соғыста ядролық қару қолдануға болмайтынын ескертті. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жөңге елінің көсемі мұны биылғы наурыз айында Мәскеуге жасаған мемлекеттік сапары барысында айтқан көрінеді.
Өзінің мәнбелеріне сілтеме жасаған Financial Times газеті Қытайдың бұған айрықша мән беріп отырғанын жазады. «Қытайлықтар қазір Ресейдің ядролық қару қолданбауының кепілі сияқты болып отыр», – деді америкалық бір шенеунік.
Сонымен бірге батыс арнайы қызмет өкілдерінің айтуларынша, Путин өзі көп үміт артқан Щи Дзиңпиңнің бұл сапарынан Ресейге келетін түк пайда болмай қалғанына ызаланып жүрген сияқты. Қытай лидері «Сібір күші – 2» газ құбырының құрылысы туралы келіссөзге қол қоймай кетті. Ал Ресейде осы кездері газ саласы алаңсыз құрдымға батты, елде газ дағдарысы басталды.
Дегенмен Щи Путинмен бірге қол қойған коммюникеге ядролық қару қолдануды айыптау жөнінде тармақ енгіздіріп кетті. Сондықтан енді егер Ресей Украинамен соғыс барысында ядролық қаруды пайдаланар болса, ол «Қытай үшін үлкен минус болып саналады», деп түсіндірді тағы бір шенеунік. Ахуалдың бұлайша өрбуі Еуропа одағын бірден Қытайға қарсы етіп шығарады. Тек Бейжіңнің Мәскеуге ұдайы қысым жасап отыруы ғана Қытай мен Еуропа арасындағы қарым-қатынасты жақсартады.
«Ресей Қытайдан ешқашан өзінің ядролық қаруды қолдану жөніндегі әрекетіне қолдау ала алмайды», – деді Бейжіңдегі Жэньминь университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі профессоры Ши Иньхуан. Оның айтуынша, егер Путин Украинаға қарсы соғыста аталмыш тактикалық қаруды іске қосар болса, Қытай одан алыстай береді.
Өз кезегінде Путиннің өзі де өткен жылғы қазан айында Украинаға қарсы тактикалық ядролық қаруды қолданудың ешқандай «саяси немесе әскери мағынасы жоқ» екенін айтқан болатын. Соған қарамастан, Кремльдің қожайыны қазір Запорожье атом электр станциясына қатысты арандатушылығын бастап кетті. Егер РФ оның жарып жіберсе, ол нағыз атом бомбасын қолданғанмен бірдей болып шығар еді.
Путин Украина қарсы шабуылды бастағаннан кейін былтырғы айтқандарын тағы есінен шығарып, Беларуське тактикалық ядролық қаруын апарып қойды. Осының өзі оның Щи жолдас-мырзаны оншалықты тыңдай бермейтінін аңғартса керек.