Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Пригожиннің ұшағы Минскіден Мәскеу бағытына қарай ұшып шықты

МИНСК. 28 маусым. «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожиннің бизнес-джеті түнде қайтадан Минскіден Мәскеуге қарай бағыт алды. Бұл туралы «Белсат» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Беларускі Гаюн» жобасының хабарлауынша, RA-02795 борт нөмірлі Embraer Legacy 600 ұшағы сағат 22:39-да «Мачулищи» әскери аэродромынан ұшып шыққан. Портал сондай-ақ бүгін таңертең келіп қонған BAe 125-800B екінші бизнес-джетінің де қайтып кеткенін айтады.

«Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожиннің жеке лайнері 27 маусым күні Мәскеу уақытымен 07:40 сағатта Минск түбіндегі «Мачулищи» әскери аэродромына келіп қонған еді. Пригожин осы екі ұшақтың бірінде болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, алайда өзін өзі сайлап алған Беларусь президенті Александр Лукашенко кеше ЖӘК атаманының республика территориясында екенін растады.

«Мен Пригожиннің осы ұшақпен ұшып келе жатқанын көрдім. Иә, ол шынында бүгін Беларусьте. Мен бұрын уәде бергенімдей, оған әлдеқандай уақыт біздің елде болғыңыз келсе, оған көмектесеміз дегенмін. Әлбетте, олардың [«вагнершілердің»] өз ақшалары есебінен», – деді ол.

Александр Лукашенко осы тұста Беларусьте «Вагнер» армиясына арналып лагерь салына бастағанын өтірікке шығарды. Шынында кеше «Вёрстка» таблоидында Могилёв облысындағы Осиповичи қаласы түбіндегі ормандар арасында сондай қоныс салу қолға алынғанын баяндап еді.

Кеше сондай-ақ Британия барлау қызметі Евгений Пригожиннің Минскідегі бір мейманхананың терезесі мүлде жоқ нөмірінде тұрып жатқанын хабарлаған болатын. Мұны олар «вагнершілер» қолбасшысының өміріне қауіп төнуінен сақтандыру шарасы ретінде жасап отырғанын атап көрсетті.

Тағы да бұл ұшақтың ішінде Евгений Пригожиннің бар-жоғы белгісіз. Сонымен бірге, осы тұста Путиннің «Вагнердің» Сирия жеріндегі топтарының басшыларын тұтқынға алып жатқаны белгілі бола бастады.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button