Азия чемпионатына баратын қыздар құрамасы анықталды
АСТАНА. 24 ақпан. Алдағы 3-11 наурыз күндері Иорданияның байтағы – Амман қаласында өтетін бокстан Азия чемпионатына баратын Қазақстанның әйелдер құрамасының құрамы белгілі болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Құраманың бас жаттықтырушысы Ерік Алғабек (суретте) 19 ақпан күні құрлық біріншілігіне қатысып, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиялық ойындарға лицензия алу үшін таласатын боксшы қыздардың аттарын атады.
Атап айтқанда, 51 килода үш шетелдік халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған Ангелина Лукас, 57 килода қазір спорттық бабы жақсы саналған Дәметкен Келімбет, 60 килода бірнеше халықаралық турнирдің алтын жүлдегері Римма Волосенко, 69 килода әлем чемпионы және Азияның күміс жүлдегері Валентина Хальзова, 75 килода жақында ересектер құрамына өткен жастар арасындағы Олимпиаданың қола жүлдегері Надежда Рябец ел намысын қорғайды.
Токиода қыздар бес салмақ дәрежесі бойынша шайқасады. Бұдан бұрынғы Олимпиялық ойындарда әйелдер боксында үш салмақ қана болатын. Иорданиядағы турнирде оларға 22 лицензия таратылады. Соның ішінде 51 килоға дейінгі салмақта – 6, ал қалған 57, 20, 69 және 75 килоға дейінгі салмақтарда төрт-төрттен жолдама беріледі.
Бұл Олимпиялық бірінші іріктеу турнирі болмақ. Екінші турнир мамыр айында Парижде өтеді. Осы жолы лицензия ала алмағандар бақтарын сол қалада сынап көреді.
Айта кететін бір жайт, бұл жолы құрлықтың ерлер және әйелдер арасындағы чемпионаты бір қалада бір мезгілде өткізілгелі тұр.
Қыздар құрамасы чемпионатқа қатысу үшін ерлер командасымен бірге 28 ақпан күні Таяу Шығысқа аттанады.
Ақ жол!