Ресейлік Григорий Лепстің Қонаевтағы концертіне тыйым салынды
ҚОНАЕВ. 19 маусым. Ресейдің Украинадағы соғысын қолдаған әнші Григорий Лепстің Қонаев қаласындағы концерті өтпейтін болды. Бұл туралы «Азаттық радиосының» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Концерт 8 шілдеде өтетін болып белгіленген екен.
Өзінің концерт алаңын беріп отырған Қонаев қаласындағы Makao Luxury Village Resort компаниясы Instagram парақшасында концертті ұйымдастырушыларымен келісімді біржақты тәртіппен тоқтатқанын, концерт билеттері қайтарылатынын мәлімдеді.
Мұны Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркін Рақышев та расқа шығарды. Оның сөзінше, Лепстің концертін өткізбеуге Алматы облысының әкімдігі ықпал еткенге ұқсайды.
«Украинада бір танкті жойған адамға миллион рубль беремін деген есерсоқ Лепстің Қапшағайда концерт өткізуіне халық қарсылығын білдірген еді. Бүгін қоғам белсендісі Қанат Тұрдалиевпен таңертең осы жөнінде Алматы облысының басшылығымен кездесіп, халықтың талабын орындауды, мәселені ұшықтырмай шешуді талап етіп қайттық. Концерт болмайтын, Лепс келмейтін болды», – деп жазды Еркін Рақышев.
Жақында Ресей эстрадасының әншілері Григорий Лепс пен Николай Басков желіде Украина қарулы күштерінің жойылған әрбір танксі үшін 1 миллион рубль сыйақы беретінін баяндаған болатын.
Осыдан кейін қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары Григорий Лепстің келгеніне қарсы болып, әншінің концертін өткізбеуді талап етті.
Бұдан бұрын «танымал Z-әртіс» деген атаққа ие Полина Гагаринаның концерті де көпшіліктің талабымен өтпей қалған. Әлеуметтік желідегі жаппай наразылыққа байланысты Ресей әншісі Лариса Долина Қазақстанға келе алмаған.