Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Британия командасын ұтты

БЕЛФАСТ. 20 маусым. Өткен түнде футболдан Қазақстан құрамасы Белфаст қаласында Еуро-2024 турнирінің іріктеу матчында алаң иелері – Солтүстік Ирландия командасымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Матч Белфасттың «Уиндзор Парк» стадионында ойналды. Ойынға израильдік арбитр Рой Райншрайбер төрешілік етті.

Командалар алаңға мына сөрелік құрамдарда шықты:

Солтүстік Ирландия: Бэйли Пикок-Фаррелл, Крейг Кэткарт, Джонни Эванс (Конор Макменамин, 63), Пэдди Макнейр, Джордан Томпсон (Киарон Браун, 84), Джордж Сэвилл, Ши Чарльз, Алистэр Маккэнн (Дейл Тэйлор, 71), Трэй Хьюм, Дион Чарльз (Шейн Лэйвери, 72), Айзек Прайс.

Қазақстан: Игорь Шацкиий, Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Марат Быстров, Михаил Габышев (Лев Скворцов, 68), Рамазан Оразов (Еркін Тапалов, 81), Асхат Тағыберген (Эльхан Астанов, 81), Абзал Бейсебеков, Бақтиёр Зайнутдинов (Исламбек Қуат, 74), Максим Самородов (Асхат Айымбетов, 81).

Гол: Асхат Айымбетов (88)

Ескерту: Джордж Сэвилл (66) – Нұралы Әліп (67), Асхат Тағыберген (70).

Екі құрама бұл матчқа екі түрлі көңіл күй ауанымен келді. Қазақстандықтар мұның алдында итальянның Парма қаласында Сан-Марино терме жамағатын 3:0 етіп ұтқан болса, британдықтар Копенгагенде Дания құрамасынан 0:1 болып жеңіліп қайтқан еді. Біздің жігіттер Н іріктеу тобында 6 ұпай жинаған 4 команданың қатарына қосылып, доп айырмасы бойынша турнир кестесінде бірінші орынға шықты. Ал ирландиялықтар сырт алаңда Даниямен тең ойнап қала жаздаған. Бірақ олар соққан гол соңынан VAR арқылы тексерілгеннен кейін саналмай тасталды.

Дегенмен, Қазақстан құрамасымен өткен ойынның басынан бастап «жасыл-ақтар армиясы» фаворит саналды. Алайда «Уиндзор Парктегі» кездесуде қақпа алдындағы қауіпті жағдайды бірінші болып қонақтар туғызды. Алаң иелері дарбазасы маңында доп алған шабуылшы Максим Самородов қолайлы сәтті тиімді пайдалана алмай қалды. Мұның артынша осындай кепті допты біздің қақпаға қарай баспен ұрған Крэйг Кэткарт та кешті.

Екі команда да үш орталық қорғаушымен ойнады. Бізде қапталдардан Михаил Габышев пен Ян Ворговский орын алса, алаң иелерінде бұл міндет Джордан Томпсон мен Трэй Хьюмге жүктелді. Біз шабуыл шебіне Максим Самородов пен Рамазан Оразов дуэтін шығарсақ, ирландтар Айзек Прайс пен Дион Чарльзға сенім артты.

Кездесудің бірінші таймы осылайша алма-кезек шабуылмен өтті. Оның бас жағында алаң иелері басым сияқты болып көрінгенімен, соңына қарай меймандардың артықшылықтары байқалып тұрды. Осы сәттерде Бақтиер Зайнутдиновтің бір соққысы зая кетті.

Екінші таймды қазақстандықтар айтарлықтай белсенді бастады. Рас. Рамазан Оразовтың алыстан соққан добы қарсыластар қақпасына пәлендей қауіп төндіре қоймады.

Бұдан кейін ирландтықтар бірте-бірте инициативаны ала бастады. Ал біздің жігіттер барған сайын қорғанысқа топтаса түсті, кейде тіпті қауіпті сейілту үшін допты беталбаты теуіп жатты.

Жарты сағат өткеннен кейін екі жақтың бас жақтырушысы да ойын барысына өзгеріс енгізу үшін ауыс-түйістер жасауға кірісті. Бірінші болып алаң иелерінің коучы Майкл О Нил құрамды жаңалауға шешім етті. Бұдан кейін біздің Магомед Адиев те  қалыс қалмады.

Сосын 88-минутта қонақтар кенет күтпеген жерден гол салып, алға шығып кетті. Сол уақта алдымен сол қапталдың түкпірінде Нұралы Әліп қарсыластардың бірінен тартып алған добын кідірместен алдындағы Еркін Тапаловқа жеткізді, ал Еркін өз кезегінде оны алаң ортасында тұрған Абат Айымбетовке жөнелтті. Абат доп аяғына тиген бойда алға ұмтылды. Ол жолай алдымен бір, содан кейін екінші қарсыласынан сытылып өтіп, айып алаңында голипермен бетпе-бет келіп, оң жақ бұрышты солқ еткізді – 1:0!

Осылайша Қазақстан құрамасы өзінің тарихында бірінші рет Ұлыбритания корольдігіне қарайтын, яғни Англия құрамындағы ұлттық команданы жеңді. Оны және қарсыластар алаңында орындап, сенсация жасады.

Біздің команда сонымен бірге Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің маусым айындағы екі ойынын да ұтыспен аяқтады. Жалпы, іріктеу турнирінде қатарынан үш матчта жеңіске жетті.

Осы жеңістен кейін 9 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы Н тобының турнир кестесінде екінші орынға орын тепті. Бірінші орынға осы күні өз алаңында Сан-Мариноны 6:0 етіп ұтқан Финляндия шықты. Ал Словения мен Дания арасындағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Сөйтіп, топта бірінші тең нәтиже тіркелді.

Н тобындағы турнир кестесі (20 маусымдағы мәлімет)

Құрамалар О Ұ Т Ж    Доп Ұп
1 Финляндия 4 3 0 1 10 – 3 = + 7 9
2 Қазақстан 4 3 0 1  8 – 4 = + 4 9
3 Дания 4 2 1 1  7 – 5 = + 2 7
4 Словения 4 2 1 1  5 – 4 = + 1 7
5 Солтүстік Ирландия 4 1 0 3  2 – 3 = – 1 3
6 Сан-Марино 4 0 0 4  0 – 13 = – 13 0

Бұл күнгі басқа матчтар мынадай нәтижелер әкелді: Армения – Латвия 2:1, Украина – Мальта 2:0, Түркия – Уэльс  1:0, Англия – Солтүстік Македония 7:0, Ирландия – Гибралтар 3:0, Франция – Грекия 1:0, Израиль – Андорра 2:1, Швейцария – Румыния 2:2, Беларусь –Косово 2:1.

Бүгін Исландия – Португалия, Венгрия – Литва, Аустрия – Швеция, Болгария – Сербия, Норвегия – Кипр, Молдова – Польша, Шотландия – Грузия, Лихтенштейн – Словакия, Эстония – Бельгия, Фарер аралдары – Албания, Босния және Герцеговина – Люксембург құрамалары ойнайды.

Содан кейін іріктеу турнирінің ойындары қыркүйек айында жалғасады.

Суреттерде: 1. Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев; 2-3. Шабуылшы Абат Айымбетовтің гол салған мәуріттері

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button