Ауылға жұмысқа тұрған медиктерге 10 млн теңге жәрдемақы беріледі
АСТАНА. 19 маусым. Қазақстанның ауылдық жерлеріне барып жұмысқа тұрған медицина қызметкерлеріне 10 млн теңге көлемінде жәрдемақы беріліп қалуы әбден ықтимал. Бұл туралы Halyq Uni дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кеше Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында осылра жайында ойларын бөліскен.
«Құрметті дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздердің мамандықтарыңыз – ең қиын, жауапты және асыл мамандықтардың бірі. Сіздер күн сайын мыңдаған адамдардың өмірін сақтап қалып, нағыз ерлік жасап жүрсіздер. Президенттің тапсырмаларына сәйкес соңғы жылдары жалақы көтеріліп, жаңа денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр», – деп жазды мәжілісмен.
Депутаттың мәліметінше, қазір Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті денсаулық сақтау туралы заң жобасын дайындап жатыр. Жобада медицина қызметкерінің мәртебесін бекіту, дәрігерлерді әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Комитет депутаттары осы мақсат үшін бірқатар түзетулер енгізуге ынталы болып отыр.
Оның айтуынша, ауылға жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне 10 млн теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы белгілеу жөніндегі норманы Заңға енгізу туралы түзету енгізілген. Сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өз жарналарын төлейтін барлық медицина және білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы міндетті медициналық тексеруден тегін өтуі, яғни МӘМС есебінен өтуі туралы норма ұсынылған.
Үкіметтік нұсқадағы заң жобасында 2025 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің өздері кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру бойынша жыл сайынғы сақтандыру ақыларының 50%-н төлеуге міндеттеу көзделген. Бұл ретте Комитет депутаттары 100% сақтандырудың барлық сомасын жұмыс берушінің есебінен жабуды ұсынып отыр.
Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру үшін олардың балаларын балабақшалардағы орындармен басым тәртіппен қамтамасыз ету, демалыстардың ұзақтығын ұлғайту жөніндегі нормалар ұсынылып отыр. Сондай-ақ өздерінің кәсіби міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған немесе мүгедек болған медицина қызметкерлерінің балалары үшін жоғары білім беру гранттарын бөлу кезінде басым құқықты белгілеу бөлігінде түзету енгізілді.
Асхат Аймағамбетов бұған қоса, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау жөніндегі нормалар және дәрігерлерді қорғауға бағытталған басқа да нормалар ұсынылып отырғанын жеткізді.
Аталған түзетулер Үкіметтің қарауына жіберілген.