Түркістан облысындағы төтен өрт бір әулеттің 12 адамын жалмады

ТҮРКІСТАН. 18 қараша. Түркістан облысы Жетісай ауданының «Алғабас» ауылындағы өртте ағайынды кісілер отбасы 12 адамының өлі денесі табылды. Бұл туралы Kazinform ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тағы үш адам аурухаанның реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты.
«18 қарашада Жетісай ауданында болған өртке байланысты өңірдің медициналық қызметі зардап шеккендерге жедел түрде көмек көрсетуді бастады. Медициналық мекемелерге үш адам – екі ересек және бір бала жеткізілді. Барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға интенсивті терапияның толық кешені жүргізілуде, олардың жағдайы салалық мамандардың толық бақылауында», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар басқарма жедел медицина желісі бойынша күшейтілген жұмыс тәртібі енгізілгенін мәлім етті.
«Облыстық денсаулық сақтау мекемелерінен қосымша мамандар тартылып, қажетті дәрі-дәрмекпен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етілді. Жағдай Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бақылауында», – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске сала кетейік, Түркістан облысы Жетісай ауданының «Алғабас» ауылында бүгін түнде екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам қапияда қаза тапты. Олардың 9-ы жастары кәмелетке толмаған балалар болып шықты.
Otrar.kz-тің хабарлауынша, Жетісайда болған алапат өрттен қаза тапқандардың барлығы бір әулеттің мүшелері екені белгілі болды. Олар үш ағайынды екен. Әулеттің барлық мүшелері көрші ауылдағы ағасының ұлының сүндет тойынан оралып келе жатып, «Алғабас» ауылындағы туыстарының үйіне түнеген.
Түн ортасында 360 шаршы метрді құрайтын екі қабатты коттедж отқа оранып, 12 адам көз жұмады. Өрт салдарынан үй иесі мен оның отбасының барлық мүшелері қаза болды. Көршілері оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Қалиберген Божымбетов, көршісі: «Электр қуатыныңы қысқа тұйықталуынан болған деп естідім. Мен келгенде жедел жәрдем, полиция, өрт қызметі – бәрі жүр екен. Тәртіп сақшылары куәгер болыңыз деп шақырды. Іштегінің барлығы да өртеніп кеткен. Бұлардың көшіп келгеніне 3 жыл болған. Әкесі үйді салған соң қайтыс болған. 1994 жылғы Дәурен отағасы, 4 баласы бар болатын. Бұлар үш ағайынды. Кеше бұлардың әулетінде той болған. Біреуі осы жерде, біреуі көрші ауылда тұратын. 15 адам болған мұнда. Той тойханада болған. Осы үйдің отағасының ағасы той жасаған».
Қазір үй иесінің анасы, ағасы және ағасының қызы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Құрбан болғандардың арасында 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019, 2021 (егіз) және 2024 жылы туған балалар бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтып, Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өрт шыққан үйде екі отбасы, ата-аналары мен балалары тұрғанын хабарлады.
Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.
Бұдан бөлек «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты Үкіметтік комиссия құрылды.






