Маңғыстау автотрассасындағы апаттан екі отбасының 10 адамы қаза тапты
АҚТАУ. 18 маусым. Маңғыстау облысында тіркелген жол-көлік оқиғасы екі отбасынан он адамның өмірін жұлып әкетті, олардың арасында кәмелетке толмаған бес бала бар. Бұл туралы Tumba.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оқиға 16 маусым күні түнде сағат 22:00 шамасында Жаңаөзен – Кендірлі автотрассасы бойында орын алған. Қарсы келе жатқан екі көлік бетпе-бет келіп соғысқан.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсенбаевтың айтуынша, «Toyota» көлігінің ішінде сегіз адам отырған.
«Егер ережелер сақталып, жүргізуші мен жолаушылар қауіпсіздік белдігін тағып, сондай-ақ балаларға арналған орындықтар пайдаланылса, онда көлікке 4 адам ғана сияды. Ал апат болған жағдайда бұл құралдар адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалуы мүмкін еді», – деді өңірдің бас полицейі.
Оның сөзіне қарағанда, бұдан бір ай бұрын «Duster» автокөлігінің жүргізушісіне қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін ескерту жасалып, айыппұл салынған.
Полиция генерал-майоры жол апатының басты себебі Duster» көлігінің қарсы бағытқа шығып кетуі екенін атап айтты.