Өрт енді Шығыс Қазақстанға ауысты: Батыс Алтай қорығынан от қашты
ӨСКЕМЕН. 18 маусым. Шығыс Қазақстан облысындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағында кеше кешке орман өрті басталды. Бұл туралы Orda.kz мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жақында ғана «Семей ормандары» алабын шарпып, дүйім елді дүрбелеңге салған тілсіз жау түнде Шығыс Қазақстан облысының ормандарына ауыз салды: қазір Риддер қаласының маңындағы орман алқабы өртеніп жатыр.
Қорық қызметкерлері сағат кеше 17:00 шамасында қарағайлы қалың орман жақтан будақтап ұшқан түтінді байқап қалып, жағдайды дереу қорық басшылығына, Риддер қалалық төтенше жағдайлар бөліміне жеткізген.
Қорықшылардың айтуларынша, өрт 67-68 блоктар аумағынан, Чернушка өзені мен Прямой өзенінің орманды аумаққа құяр жерінен басталған.
«Ол жерге Батыс Алтай қорығы күштері мен құралдары жедел жіберілді. Ақ Оба аумағына екі өрт сөндіру көлігі және сегіз адам барды. Бірақ бұл аймаққа жету қиын, көлікпен жету мүмкін емес, қазір қорық қызметкерлері орман өрт сөндіргіштері көмегімен атпен су тасып, тілсіз жаудың бетін қайтаруда. Сондай-ақ, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінен қосымша көмек кетті. КамАЗ өрт сөндіруші көлігі, бұл бес тонналық автоцистерна және 8 адам аттандырылды», – деді Риддер қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Евгений Тарасов.
Орманы көп Риддерде, өкінішке қарай, өрт сөндіретін, барлауға арналған тікұшақ жоқ. Айтпақшы, бұл мәселе Экология және табиғи ресурстар министрінің Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында көтерілген. Мамандар әуе көлігінің қала ішінде болуын сұрағанымен, әзірге оны Өскеменнен алдыруға тура келеді.
Облыс орталығынан келген Ми-2 ұшағы әуеден ұшып өтіп, 0,3 гектар аумақты өрт шалғанын анықтады.
Батыс Алтай қорығында олар өрттің шығуына найзағай себеп болуы мүмкін екенін айтты. Қорық аумағында ағаштар өртеніп жатыр. Жел жоқ, оттың таралуы әлсіз.
«Қазір іске өрт сөндіру техникасы бойынша оқытылған адамдар жұмылдырылды. Бізде бәрі бар: мотопомпалар, ауа үрлегіштер, сөмке бүріккіштер. Түнде ұшуға тыйым салынғандықтан, біз отқа әуеден су төге алмасақ, бұл қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан бүгін таңертең Өскеменнен өрт сөндіруге қосымша күш пен құралдармен Ми-8 тікұшағы келеді», – дейді Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы бас мемлекеттік инспекторының орынбасары Людмила Винокурова.
Риддер қалалық төтенше жағдайлар бөлімі өрттің тез арада сөндірілетініне сенім білдірді. Өрт аумағы шағын, жел жоқ. Оның үстіне, қазірдің өзінде резервтегі қызметкерлерге көмекке техникалар мен қызметкерлер жіберілген.