Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

20 тәулікке қамалған Төреғали Төреәліге қарсы қылмыстық іс қозғалды (видео)

АЛМАТЫ. 17 маусым. Бұған дейін сот үкімімен 20 тәулікке қамалған әнші Төреғали Төреәлінің (Әлихановтың) үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Бұл туралы ҚазТАГ дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Біз осы бала жайлы мүлде жазбай-ақ қояйық. ол біздің ауызға алуымызға тұрмайды деп есептеп отыр едік, болмады… Айтпасымызға болмады. Себебі, оның үстінен ақыры қылмыстық іс қозғалыпты… Енді оны жұрт білуі керек.

«Азамат Ә.-ге қатысты сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабына (билік өкілін қорлау) сәйкес қылмыстық тәртіп бұзушылық бойынша қылмыстық іс тіркелді. Аталған қылмыстық іс бойынша өндірісті Алматы қаласының ПД (полиция департаменті – ҚазТАГ) анықтау басқармасы жүзеге асырады», – делінген қала полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құқық қорғау органдары күдіктінің қазір «Алматы қаласы ПД-нің әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау бөлімі жағдайында ұсталып» отырғанын анықтады.

«Медициналық тексеру қорытындысына сәйкес, оны әкімшілік қамаудан босатуға негіз жоқ», – деп атап өтті полицейлер.

Еске сала кетейік, Төреғали Төреәлі (Әлиханов) 14 маусым күні есірткімен еліріп алған қалпында көлік жүргізіп келе жатқан жерінде ұсталып, соттың шешімімен 20 тәулікке қамалды, сонымен бірге 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ұсталған жерінде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне доқ көрсетіп, қарсыласып бағып, боқтап-боралады.

Осы мезет түсірілген видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Оны көріп тұрған кез келген адам әншінің әдепсіздігі мен жүгенсіздігінен жағасын ұстаған болар еді…

Айтқандай, Төреғали Төреәлі кезінде басқа авторлардың әнін ұрлап алып, өз атынан жариялап жіберген плагиторлығымен (өнердің ұрысы) де аты шыққан жылпос еді. Әңгіме композитор Үкітай Ерниязов пен ақын, музыкант, композитор Әл-Фараби Бекарысұлы екеуінің бірігіп жазған «Найзағай көңіл» деген әні турасында болып отыр. Сол туындының мәтінін Төрағали өзінің Аян Сейітов деген авторына өзгертіп жазғызып, атын «Найзағай болып» деп ауыстырып, өз әні ретінде шырқап жүрді. Сол кезде, 2018 жылы әннің шын авторлары іске араласып, әншінің бұл ұрлығын айдай әлемге паш етіп, әшкерелеген еді. Бірақ содан кейін ән егелерінен кешірім сұраған, өз әрекетіне «ұялған», беті шіміріккен Төреғали болған жоқ. Міне, бұл да оның бет-бейнесін, кескін-келбетін, адамгершілігінің деңгейін ашып көрсететін нақты факторлардың бірі.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button