Сан-Франциско әуежайы 14 жастағы мысықты жұмысқа қабылдады
САН-ФРАНЦИСКО. 17 маусым. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы аэропорт басшылығы 14 жастағы еркек мысықты терапевтер ұжымының мүшесі етіп жұмысқа алды. Бұл туралы NY Post дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«14 жастағы еркек мысық Сан-Франциско әуежайының терапевтік жан-жануарлар командасы сапына қосылды», – делінген хабарламада.
Енді «Дюк Эллингтон Моррис» деген лақап аты бар ақ-қара түсті мысық аэропортқа келушілердің ұшып-қонуға байланысты пайда болған стресстерін түсіруге көмектесетін болады.
Дюк осылайша мысық тұқымдастар арасында аэропорттың жан-жануарлар терапевті командасына қабылданған бірінші өкіл атанды. Бұған дейін мұнда ЛиЛу атты шошқа мен Ұлы Алекс есімді үй қояны біраздан бері еңбек етіп келеді екен.
Дюк бір кездері, жасырақ уағында үй-күйсіз қаңғыбас мысық болыпты. Бірде оны Сан-Франциско көшелерінің бірінде аштан бұратылып жатқан жерінен құтқарушылар тауып алып, жан-жануарлар баспанасына (приют) тапсырады. Сол жерде оны көріп ұнатып қалған 5 жасар қыз әке-шешесіне үйге алдыртады. Олар мысыққа атақты джаз музыкантының құрметіне «Дюк Эллингтон» деген ат береді.
Жаңа қожайындары көп ұзамай мысықтың өте тыныш және жайлы екенін байқап, дереу жан-жануарлар көмегімен жасалатын терапия шеңберінде оған «терапевт жануар» деген сертификат алып береді. Осыдан кейін Дюк он жыл бойы қаладағы барлық ауруханаларды аралап, қиын жағдайға тап болған пациенттерді жұбататын зоотерапевт болып жұмыс істейді.
Ал аэропорт басшыларының бірі мысықты сол ауруханалардың бірінде көріп қалып, бірден ұнатқан екен.