Қырғызстан полициясы Биволдың экс-әйеліне іздеу жариялады (видео)

БІШКЕК. 27 қазан. Қырғызстан полициясы белгілі боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Биволдың үстінен қылмыстық іс қозғап, оған халықаралық іздеу жариялады. Бұл туралы 24.kg ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бішкек қалалық ішкі істер бас басқармасының баяндауынша, Екатерина Бивол ұлт аралық араздықты қоздырғаны үшін айыпталған, сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланып отыр. Тергеушілер оның қырғыз халқын ашықтан ашық қорлайтын мәлімдемелер жариялағанын атап өтеді. Биволдың өзі бұл мәлімдемелерді 21 қазанда әлеуметтік желілерде таратқан. Іс Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 330-бабы («Нәсілдік, этникалық, ұлттық немесе аймақаралық араздықты қоздыру») бойынша қозғалған.
Қазір Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұрып жатқан Екатерина Биволға сырттай айып тағылды. Сот оны алдын ала қамауға алу туралы шешім шығарып, өзін іздеуге кірісті. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Екатеринаның жариялаған видеожазбаларында қырғыздарды қоса алғанда, әртүрлі этникалық топтардың мүшелеріне қатысты қорлайтын сөздер айтылғанын алға тартады.
Оқиға Қырғызстанда кеңінен қоғамдық наразылық тудырды. Мәселе әлеуметтік желілерде көтерілді.
Екатерина Бивол – WBA, WBO және IBF жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы, Ресей және Қырғызстан боксшысы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі. Жұп 16 жылдық некеден кейін 2023 жылы ажырасып, бұл жанжал мен сот ісіне ұласты. Олардың ажырасудан кейін анасымен қалған Мирон (2014 жылғы) және Никон (2017 жылғы) атты екі ұлдары бар.
Айта кететін бір жайт, биылғы тамыз айында Екатерина Бивол өзінің тегін ауыстырғанын жазып, Алматы қаласында түскен рәсімін қоса жариялады. «Спортивная орда» ресурсының мәліметінше, Екатерина өзіне ендігі фамилия етіп, қыз күніндегі «Бурдинская» деген тегінен де бас тартып, ұйғыр әкесі тарапындағы атасының есімін таңдаған.
«Біз менің ұйғыр атаның тегін аламыз деп шештім. Өте жақын арада Екатерина Игоревна Джалилова, Мирон Дмитриевич Джалилов және Никон Дмитриевич Джалилов боламыз», – деп жазды әйел Instagram-дағы парақшасында.
Екатеринаның айтуынша, Бивол деген ататек бұлар ажырасқаннан кейін көп уақыт боксшы тарапынан орын алған наразылықтың себебі болған.
«Ол мені 2,5 жыл бойы осы үшін күн сайын айыптап келді. Дима жүздеген мәрте қоңырау шалып, өзінің фамилиясын қайтаруымды талап етті. Нақұрыстық қой, ә? Мен ылғи бұл фамилияның менің балаларымның тегі екенін, ал өзімнің Бивол ұрпағын жалғастырушы екенімді айтумен болдым. Диманың әпкелері де бар ғой. Бірақ мен ғана екі бала тудым», – деп атап өтті ол.
Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі сондай-ақ қыз күніндегі тегінің өзіне қатысы жоқ екенін қосты. Себебі, ол өз әкесінің емес, өгей әкесінің фамилиясы көрінеді.
Тамыз айында өзінің тегіне оралып жатқан Екатерина әкесіне арнап: «Пап, сен қуанасың ба? Біз өз тегімізге – Джалиловтерге оралып жатырмыз. Ал инстада «Джали» боламын», – деп жазды.
Екатерина Бурдинская 1990 жылғы 1 қазанда Ленинградта (қазіргі – Санкт-Петербург) туған. Ол ірі бизнесмен Игорь Бурдинский отбасының кенжесі болды. Игорьдің әйелі, Катяның анасы – Марина 1962 жылдың соңында өмірге келген. Әпкесі Лилия Бурдинская – белгілі хореограф, қазір Францияда тұрады.
Екатерина ұлты жағынан ұйғырға жатады. Оның қанының төрттен бірін ұйғыр нәсілі құрайды. Ал әкесі жағынан туыстарының дені Қазақстанды, Алматыны мекен етеді.
Екатеринаның балалық шағы жайында мәлімет аз. Ол Ресейдің солтүстік астанасында туып-өскен, сондағы № 185 мектепті бітірген, содан кейін Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түскен, оның 2013 жылғы түлегі болып табылады.
Енді Дмитрий Юрьевич Бивол жөнінде бір ауыз сөз. Ол 1990 жылғы 18 желтоқсанда Қырғызстанның Шу облысындағы Тоқмақ қаласында туған. Әкесі жағынан – молдован, анасы – корей қызы. Бокстан Ресейдің екі дүркін чемпионы. Қазір Қырғызстан Республикасының азаматы болып табылады. Кәсіпқойлар рингіне кейде осы елдің туы астында шығып жүр.
Бұрын Қырғызстан полициясы Екатерина Биволдың сөздері тексерілетінін хабарлаған болатын. Ол видеожазбаларда қазақтарды да қоса қорлағаны анық байқалады.






