Солтүстік Атлантика альянсы НАТО-Украина кеңесін құруға кірісті
БРЮССЕЛЬ. 16 маусым. Солтүстік Атлантика шарты ұйымы (НАТО) альянс мүшелерімен тең құқықта болатын НАТО-Украина кеңесін құруға бел шеше кірісіп кетті. Бұл туралы ТАСС мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг НАТО елдері қорғаныс министрлерінің Брюссельде аяқталған отырысының қорытындысы бойынша жұма күні берген баспасөз мәслихатында осы жаңалықтың жайын жайып салды. Ол альянстың барлық елдері принципінде Украинаның келешекте НАТО-ның құрамына кіруін қолдап отырғанына қарамастан, соғыс аяқталғанша бұл мәселенің күн тәртібіне қойылмайтынын кезекті мәрте қайталады.
Бас хатшы Вильнюсте өтетін саммиттің бірінші отырысын Украина президенті Володимир Зеленьскиймен бірге өткізу жоспарда бар екенін баяндады.
«Біз сондай-ақ қазір жаңа НАТО-Украина кеңесін құру жолында жұмыс жасап жатырмыз, ол арқылы Украина НАТО-дағы басқа одақтастармен тең дәрежеде болады және жалпы алаңдаушылық мәселелері бойынша кеңесіп, шешім қабылдайды. Біздің ниетіміз – Вильнюстегі саммиттің бірінші отырысын президент Зеленьскиймен бірге өткізу», – деді ол.
Столтенбергтің айтуынша, Украина соңғы онжылдықта НАТО-ға айтарлықтай жақындай түскен. «Біздің бәріміз Украинаның соңғы 10 жылда НАТО-ға жақындағанын растаймыз. Біз оған НАТО есігінің ашық болғанына келісеміз, Украина альянстың мүшесі болады, бұл шешімді альянс пен Украина қабылдайды. Ресей бұған вето қоя алмайды», – деді ол.
Бас хатшы соғыс біткеннен кейін Киевке қауіпсіздік кепілі міндетті түрде керек болатынын атап өтті. «Біз мына соғыстың қашан аяқталатынын білмейміз. Бірақ ол аяқталған кезде бізге Украинаның болашақтағы қауіпсіздігі мен оқиғаның қайталанбауын қамтамасыз ететін шеңбер керек», – деді ол соңында.