Ермек Көшербаев – Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімі
ӨСКЕМЕН. 16 маусым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен бүгін Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сағат 10.30-да Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы мәслихаттар депутаттарының жиналысы басталды. Күн тәртібіне өңір әкімін тағайындауға келісім беру мәселесі енгізілді. Талқылауға Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев пен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың кандидатуралары ұсынылды.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов аталған кандидаттарды дауыс беруге қатысатын 153 депутатқа таныстырды.
Дауыс беру қорытындысында Ермек Көшербаев – 117, Дархан Сапанов 36 дауыс алды.
Ермек Беделбайұлы Көшербаев 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде аға инспекторлықтан бастаған. 1989-1994 жылдар аралығында министрлікте әртүрлі лауазымдарда қызмет еткен. 1994–1996 жылдары Қазақстан Президенті аппаратының халықаралық бөлімінің консультанты, Президенттің протоколдық қызметінің басшысы болған.
Ол 1996–1997 жылдары Қазақстанның Швейцария конфедерациясындағы елшілігінің бірінші хатшысы, Сыртқы істер министрлігі көп жақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы болып істеді, 1997–1999 жылдары Премьер-Министрдің көмекшісі болған, 2000–2010 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерде жүрді.
Ермек Көшербаев 2010–2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, 2014-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы лауазымдарын атқарды. 2018–2020 жылдар аралығында Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, Сыртқы істер министрінің орынбасары болды.
Ол 2020 жылғы қаңтардан жаңа тағайындауға дейін Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып келді.
Ермек Көшербаев әр жылдары «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар.
Еске сала кетейік, бүгін таңертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қызметінен босатылған болатын.
Айтқандай, Ермек Көшербаевтың бұған дейін қоғамға белгілі болған Қырымбек Көшербаевқа ешқандай туыстық қатынасы жоқ.
Есесіне, Дариға Назарбаеваның құдасы көрінеді.
Ал домбыраны күмбірлетіп күй төгілтіп, тәп-тәуір тартады деседі.