НАТО: Украинаға қару береміз, мүшелікке қабылдауға әлі ерте
БРЮССЕЛЬ. 15 маусым. Бельгия астанасында бас қосқан НАТО елдерінің қорғаныс министрлері Украинаға қару-жарақ беруді күшейтіп, мүшелікке алуды кейінге қалдыруға уағдаласты. Бұл туралы Euronews ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс министрлері Брюссельдегі кездесуде Украинаға әскери қолдау көрсетуді күшейтуге келісті. Бірақ оны альянсқа мүше етудің консесусына әлі қол жеткен жоқ», – делінген хабарламада.
НАТО-ның Украинаға берген танкілері, қарулары және бронды техникалары қарсы шабуыл барысында іске қосылды, олар «ұрыс даласындағы ахуалды» өзгертіп беріп жатыр. Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг Бельгия астасында басталған кездесуде осыған біршама тоқталды.
Жиынға қатысушылар Украинаға әскери қолдау көрсету жөнінде ортақ тіл табысып, келісімге келді. Оның армиясы блок стандартына сай жарақтандырылады.
Ллойд Остин , АҚШ қорғаныс министрі:
«Біз Украинаға Ресей агрессиясы алдындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін қажетті қару-жарақтар кешенін жедел түрде жеткізіп тұрамыз. Еш күмәнданбаңыздар, біз Украинаны ұзақ мерзім қолдайтын боламыз»
Кездесуде сөйленген сөздерге қарағанда, Украинаның НАТО-ға кіруі кейінге қалатын түрі бар: себебі, блок елдері бұл мәселе жөнінде әлі бір шешімге келе қойған жоқ.