Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында әкім болып қала бере ме?
ӨСКЕМЕН. 15 маусым. Ертең, жұма, 16 маусым күні Шығыс Қазақстан облысында барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары аймақтың әкімін тағайындауға дауыс береді. Бұл туралы YK-news.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«16 маусымға әкімді тағайындауға келісім сұрау үшін барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысын өткізу белгіленді», – делінген сайт хабарламасында.
«2023 жылғы 16 маусымда сағат 10.30-да Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының әкімін тағайындауға келісім беру үшін Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының отырысы өтеді», – делінген облыстық мәслихат хабарламасында.
Бүгін, 15 маусым күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің өкілдігі аяқталып отыр. Ертең оның қызметін қайта жалғастыратын не жалғастырмайтыны немесе енді кімнің әкім болатыны анықталады.
Қазір көпшілікті толғандырып отырған сұрақтардың бірі осы. Мұны әлеуметтік желіде біратар уақыттан бері жарияланып келе жатқан әртүрлі жазбалар да анық аңғартады. Әзірге бұған қатысты ешқандай болжам жоқ.
Еске сала кетейік, дәл бүгін сонымен қатар 69 жасқа толып отырған Даниал Кенжетайұлы Ахметов Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылдың 11 қарашасынан бері басқарып келеді.