Тоқаевтың елді «қазақтандыруды» бастауы Кремльді үрейлендіріп отыр
АСТАНА. 15 маусым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ата жолы» картасы бойынша Қазақстанды «қазақтандыру» үдерісін қолға алуды бастауы Ресей билігін шоқ басып алғандай шошындырып жатыр. Бұл туралы «Dala insid» telegram-каналына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мәскеу мұны артық-кемі жоқ өзіне қарсы жасалған қадам көруде.
Каналдың жазуынша, «Жаңа Қазақстан» алдағы айдан қиырдағы қандастардың атажұртқа емін-еркін келіп, еңбек етулеріне, осында кәсіп бастауларына мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасын үлестіруге кіріседі.
Қазір келіп жатқан кейбір мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда қолға алынып жатқан игі бастама Кремльдің «іштеріне шынтақ айналмайтын», біздің елді өзінің «қоруға қойған бақпанды жері» көретін іштар, өзімшіл билігі мен уағызшыларының үрейлерін ұшырып отырған көрінеді.
Аталмыш картаның саяси әсері жойқын болатынынан сезіктенген Мәскеу «Ата жолына» қарсы арандатушылықтар ұйымдастыруға қам жасай бастады. Кремль оны Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов сынды «орыс әлемінің кепшігін қағып, кернейін тартатын» саясаттанушы/блогерлердің қолымен жүзеге асыратын көрінеді.
Қазір орыстың Константин Затулин, Сергей Миронов секілді идеологтары бұған қалай кедергі келтірерлерін білмей, дал болып отыр.
«Dala insid»-тың болжамынша, бұл қаракөкірек шовинистер енді «Ата жолы» қазақ жеріндегі үш миллион орыстың азаматтық құқын шектейді, репатрианттар орыс тілінің өрісін тарылтады, онсыз да асқынып тұрған русофобияны өршіте түседі, бағдарлама арқылы атажұртында бизнес бастайтын қазақтар орыстілді аудиторияның жеп отырған нанына ортақтасады, деген байбаламға ерік береді.
Кремльдің итаршылары алдағы уақытта «Қазақстанда тұратын 130 ұлтты қайда жібересіздер, «қазақтандыру» процесін астыртын жүргізіп, Мәскеудің ашуына тимеңдер» деген тәрізді мессежді Ақордаға жолдап бағады.
Тоқ етерін айтқанда, Кремль «Жаңа Қазақстанның» ұлттық мемлекет құруына қарсылық таныта береді. Ол титулды ұлт санының көбейгені «орыс әлеміне» қауіп төндіретін фактор деп есептейді.
Telegram-каналға жеткен тағы бір мәлімет: Қазақ билігі «Ата жолы» арқылы атамекеніне инвестиция құйғысы бар қазақтарды теріскей өңірлерге бағыттауға күш салады. Картаның мерзімі 10 жылға созылады. Оған қолы жеткен қандастар елге емін еркін кіріп, Қазақстан азаматтығымен пара-пар құқыққа ие болады.
Бұған тағы бір қосарымыз: Қазақстан билігі «Ата жолы» арқылы шеттегі қандастарды теріскейге тартып, ықтимал сепаратистерді оқшаулауға мүмкіндік алады. Шеттегі қазақтар солтүстік өңірге инвестиция құйса, оңтүстіктен құйылар көш те көлікті болады.