АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Тоқаев Ильинге өрт болып жатқан Абай облысына баруды тапсырды

АСТАНА. 9 маусым. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысындағы алапат өртке байланысты оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқаруды тапсырды. Бұл туралы министрлік баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылды. ТЖМ мәліметіне сәйкес, орман шаруашылығының 3 қызметкері қаза тапты, тағы 11 қызметкер іздестіріліп жатыр», – делінген Ақорда хабарламасында

Бұдан бұрын хабарланғандай, өрттің ауданы шамамен 30 мың гектар алқапты құрайды. Министрлік баспасөз қызметінің баяндауынша, Абай облысында 6 учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күштері мен құралдары орман шаруашылығына өртті жоюға жәрдемдесуде.

Қазіргі таңда өртті сөндіруге Төтенше жағдай министрлігіне қарасты орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 600 астам адам, 168 техника жұмылдырылған. Бұған қоса, 6 тікұшақ тартылған, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына су ағызу жүзеге асырылуда. Өрт ошақтарына әуеден 55 рет су төгілді, жалпы көлемі 154 тоннаны құрайды.

Министр Абай облысындағы өртке және өртті сөндіруге тартылған күштер мен құралдарды үйлестіру қажеттілігіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын тоқтатты. Министр ТЖМ дағдарыс жағдайында басқару орталығындағы штабты енді өзі басқарады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button