Алматыдағы «Торговый дизайн» қазақты қорлайтынымен атын шығарды
АЛМАТЫ. 3 маусым. Оңтүстік мегаполистегі «Торговый дизайн» компаниясы басшылығы қазақтарды кемсітіп, қорлайтынымен елге әйгілі болды. Бұл туралы Stan.kz дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Компания тамақ өнеркәсібіне арналған жабдықтар сататын болып шықты.
Оның қазақ жерінде тұрып, қазақтарды қорлайтыны, менсінбейтіні жайын Диана Кабирова есімді блогер әшкереледі. Ол TikTok желісінде мұның жай-жапсарын айтып берді.
Аталмыш компанияда жұмыс істеген Әлия атты қазақ қызы мұнда өзінің басынан кешкен оқиғаларын блогерге баяндап шыққан. Онда сауда үйінің басшылығы тарапынан қысым көргенін, соған байланысты олармен тіпті бірнеше рет соттасқанын айтады.
Әлия 2016 жылы «Торговый дизайн» компаниясына есепші болып кірген екен. Өзінің айтуынша, қазақтардың арасында әкімшілік қызметте Әлия жалғыз болған. Қалған менеджмент қызметкерлері, бухгалтерлер славян ұлтының өкілдері көрінеді. Қазақтар онда тек қара жұмысқа жегілген.
Әлия алғашында бәрі жақсы болғанымен, кейін тікелей кемсітулер, ұлтты қорлау, қазақ тілін менсінбеу фактілерін байқаған. Басшылық жұртқа қазақ тілінде емес, орыс тілінде қызмет көрсетуін талап еткен.
«Қазақтарды сөз қылады. Мұның бәрі ойдан құрастырылған тарих дейді. «Көшеден бұзақы Қайратты тауып алып, соны батыр етіп көрсетті» деп тілдеді. Латын әліпбиіне көшу жобасын мазақ етіп, «оларға сауат ашып не керек, ауылда мал бақсын» деп мысқыл етеді. Жастары қырыққа келген әйелдер адамның бет әлпетін, түсін талқыға салады. Қазақтардың қаралығын сөз еткендеріне қатты таңғалдым», – деп жазды Әлия.
Әлия олардың бұл бейбастақ әрекеттері мен қылықтарына наразылық білдіргеннен кейін компания жетекшілері тырнақ астынан кір іздеп, оған тиісуді бастаған. Жеті есепшінің ішінен оны ғана салқын қоймаға ауыстырыпты. Ал ол артрит ауруымен ауыратын болғандықтан, суық жерлерде отыруға болмайтын еді. Бұл кезде Әлия сотқа жүгініп, өз құқығын қорғап шығады.
«Ол осыдан кейін лауазымы қысқартылғанын айтқан. Компьютердегі С1 бағдарламасын сылтауратып, енді есепші керек емес деген. Бұл маңызсыз сылтау екенін Әлия түсініп, тағы да сотқа жүгінеді», – деп атап көрсетті блогер Диана Кабирова.
Осылайша сотта жеңіп шыққан Әлия жұмысына қайта оралады. Бірақ бұдан кейін оның күні күн болмайды, аш күзендей анталаған пәлелер оның соңына біржола шырақ алып түседі.
«2020-дан бері дауласып келеміз. Маған ылғи қысым көрсетіледі. Жеті есепшінің ішінде жалғыз мен қазақпын және маған екі есе төмен жалақы береді. Қалғандары 470 мың теңге алады», – деген Әлия бейнежазбада.
Есепші жұмыс орнындағы бірнеше диалогты бейнежазбаға түсіріп алған.
«Біз жеке компаниямыз, сондықтан мемлекеттік тілде құжат жүргізуге міндетті емеспіз. Ол үшін айыппұл қарастырылмаған. Иә, бізге қазақ тілін қолдану туралы ұсыныс айтылады. Мемлекеттік мекеме болсақ, қос тілде жүргізер едік. Ал былай жоқ, бізде орыс тілі», – дейді бейнежазбада компания өкілі.
Блогердің айтуынша, әйел қызмет орны үшін емес, ұлттық намысы үшін аянбай күресіп келеді.
«Осындай жағдайда үн-түнсіз шығып кетіп, кейін шегіне берсек, қазақ тілін құрметтемейтіндер көбейеді», – деп түсіндіреді Кабирова.
Блогердің баяндауынша, Әлия қазір компаниямен тағы соттасып жатыр. Оның заңгері блогердің танысы болғандықтан әрі көмек сұрап келгендіктен, ол бұл туралы қоғамдық пікір туғызып, желіде жариялауды жөн көрген.
«Жұмыста Әлияға қызметкерлердің тарапынан буллинг қарқынды түрде жүруде. Әрдайым оны шеттететіндерін, сөзін мүлдем елемейтіндерін байқадым. Қазақтарды қалай кемсітетіндерін естігенде, оған көмектескенді жөн көрдім. Сот оларды татуласуға шақырса да, олар Әлияны өз заңгерлерімен бопсалады. Кешірім де сұраған жоқ», – деп жазады блогер.
Блогердің мәлімдемесінен кейін «Торговый дизайн» компаниясына жағымсыз пікірлер көптеп айтыла бастады. Сол себепті олар өз парақшаларын жауып тастаған. Осыған дейін ресми сайттары тек орыс тілінде болса, бүгін кей бөлімдерін қазақшалауға тырысқан.
Осыдан соң «Торговый дизайн» компаниясы басшылығының жандары ышқынып, аталмыш оқиғаға байланысты түсініктеме берген екен.
«Сөйлемді контекстен жұлып, ашықтан-ашық жала жауып, фактілерді бұрмалаудың кесірінен үлкен сынның астында қалдық. Қазіргі таңда компаниядағы жағдай өте ауыр және бізге қарсы жағымсыз пікірлер жазылуда. Бар жігерімізді ақпараттық шабуылдарды тойтаруға арнадық. Міндетті түрде компаниядан мәлімдеме жасалады», – депті компания өкілі Ольга Герасименко деген біреу.
Бір күннен кейін компания өкілі екі тараптың жанжалы аяқталып, мәмілеге келгендерін баяндайды. Ол, сондай-ақ, ресейлік компания екендерін жоққа шығарды.
«Біз қазақстандық компаниямыз, бізде тек Қазақстан азаматтары, сонымен қатар украиналық босқын ерлі-зайыптылар жұмыс істейді. Бұл жағдай бізді алаңдатып отыр», – дейді ол.
«Торговый дизайн» компаниясы Қазақстанда 19 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Алғашында ресейлік компания болған сияқты, соңыра отандық кәсіпкерлер сатып алған деседі. Оның Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент қалаларында және Өзбекстанда филиалдары бар көрінеді.
Біз осы оқиғаға байланысты компанияның сайтына кіріп, онымен мұқият танысып шықтық. Онда басшылықтың мына шовинистік әрекеттеріне қатысты бірқатар комменттер жарияланыпты. Бірақ содан соң олар бұған ешқандай пікір жазылмайтындай етіп бұғаттап тастаған.
Біздің аяулы Алматының қақ төрінде, Райымбек даңғылының бойындағы 169А нөмірлі үйде, Сейфуллин даңғылымен қиылысатын мүйіске жақын жерде орналасқан, осындай бір ішінен от үріп отырған алауыз компания бар.
«Іштен шыққан жау жаман» деген осы…