Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай әкесіне қымбат көлік тарту етті
ШЫМКЕНТ. 3 маусым. Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған Санжар Тәшкенбай әкесіне қымбат көлік сатып әперді. Бұл туралы Stan.kz агенттігінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Агенттік тілшісінің атап өтуінше, атлет осылай өзінің бала күннен бергі жүрегін тербеген асыл арманын орындаған.
«Бокстан әлем чемпионы, қазақстандық спортшы Санжар Тәшкенбай әкесі Тәкен Тәшкенбайға көлік сыйлаған сәтін әлеуметтік парақшасында жүктеді», – делінген хабарламада.
«Кеше асқар тау әкешіме бала кезден армандап жүрген сыйлығымды сыйладым. Ең бірінші осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкір, екінші әке-анамыздың арқасы, барлықтарыңызға жұғысты болсын», – дейді боксшы видеода.
Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапынан бірінші болып алтын медальға қол жеткізді.
Тағы бір ескерте кететін жайт, Санжар – бұл біріншілікті өте қарқынды өткізген, чемпиондық атақты талассыз, үлкен басымдықпен жеңіп алған боксшыларымыздың бірі. Ол Ташкент рингінде төрт шайқас өткізіп, қарсыластарын 19:1 деген жалпы есеппен жеңіп шықты. Тек бір шайқаста ғана қапталдағы төреші – ресейлік Андрей Миколенко 29:28 есебімен жеңісті оның қарсыласы – өзбек Шодиёржон Меликузиевке беріп қойды. Ал ауғанстандық, хорватиялық, үндістандық, алжирлік арбитрлар ұрысты түгелдей 30:27деген есеппен біздің бағланның пайдасына шешкен.
Осылайша 8 мамырда 1/8 финалдан басталған бірінші жекпе-жегінде алаң иесінен басым түскен Санжар бұдан әрі 10 мамырда ойналған 1/4 финалда жапон Касума Аратакені, 12 мамырда болып өткен жартылай финалда ресейлік Эдмонд Худоянды, 13 мамырда шаршы алаңды шайқаған финалда сакартвелолық Сахил Алахвердовиді айқын басымдықпен (5:0) ұтып шықты. Талассыз жеңіс!