Өзбекстан жастар құрамасы (U-20) 1/8 финалдық кезеңнен өте алмады
САНТЬЯГО-ДЕЛЬ-ЭСТЕРО. 2 маусым. Өзбекстанның футболдан жастар құрамасы (U−20) Аргентинада өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалында Израильден 0:1 есебімен ұтылып қалды. Бұл туралы gazeta.uz дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Өзбекстан терма жамоаты негізгі уақытта қарсыластарымен тең түсті. Кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Ал овер-таймда Таяу Шығыстан келген жігіттер бір гол салып, ойын тағдырын шешіп кетті.
Матч 30 мамырда ойналды. Ойынның 12-минутында израильдіктер есеп ашып кете жаздады, алайда жартылай қорғаушы Тай Абед Кассустың баспен ұрған добы бағаннан қайтты.
Осыған ұқсас жағдай 20-минутта өзбектер тарапынан қайталанды. Шабуылшы Аббос Файзуллаев сол қапталды жарып өтіп, айып алаңына қарай доп жөнелтті. Оны қабылдап алған жартылай қорғаушы Шерзод Эсатов қақпа маңдайшасына тигізді.
Матчтың соңында Израиль футболшылары қысымды күшейтті, олар бірнеше рет есеп ашатын мүмкіндікті пайдалана алмады. Ақырында қосымша таймның 7-минутында өзбек қорғаушысы Абубакир Ашуровтың аяғынан ұшқан допты израильдік шабуылшы Анан Халили дереу торға бағыттап үлгерді.
Осылайша Равшан Хайдаров жаттықтыратын Өзбекстан құрамасы жарысты аяқтады. Ал Израиль өзінің тарихында бірінші рет ширек финалға шықты.
Чемпионаттың 1/8 финалдық ойындары 30 мамырда басталды. Бұл күні АҚШ Жаңа Зеландияны 4:0, Уругвай Гамбияны 1:0 етіп ұтты.
31 мамырда Бразилия Тунисті 4:1, Колумбия Словакияны 5:1, Италия Англияны 2:1 етіп жеңді. Ал 1 маусым күні екі бірдей сенсация тіркелді. Атап айтқанда, Корея Эквадорды 3:2, Нигерия Аргентинаны 2:0 етіп сүріндірді. Бұған дейін жеңілген екі команда да турнирде жақсы келе жатқан болатын.
Ширек финалда енді Израиль – Бразилия, Колумбия – Италия (3 маусым), АҚШ – Уругвай, Корея – Нигерия (4 маусым) құрамалары өзара күш сынасады.
Жартылай финал 8 маусымда, ал үшінші орын үшін талас пен финалдық ойын 11 маусымда ойналады.
Суретте: Өзбекстан құрамасы