Бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді
АЛМАТЫ. 31 мамыр. Бүгін Алматыда әлем чемпионатында табысты өнер көрсеткен республика боксшыларын сый-сияпатпен марапаттау шарасы болып өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Шараға биылғы 15-26 наурызда Нью-Делиде (Үндістан) жалау желбіреткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатының, 1-14 мамырда Ташкентте (Өзбекстан) шаршы алаңды шайқаған ерлер арасындағы әлем чемпионаттарының жүлдегерлері шақырылды.
Кездесу шеңберінде қатысушы боксшылар мен олардың жаттықтырушылары Қазақстан Бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтің арнайы ақшалай сыйлықтарына ие болды.
Ташкентте әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай сынды саңлақтардың әрбірі 100 мың АҚШ долларын алса, күміс жүлдегер Дулат Бекбауов 50 мың АҚШ долларымен марапатталды . Бұған қоса, Дулатқа қымбат швейцар сағаты тапсырылды.
Нью-Делиде күміс жүлдеге қол жеткізген Карина Ибрагимова мен Ләззат Күнгейбаеваның әрбіріне 30 мың АҚШ доллары берілсе, қола жүлделі Алуа Балқыбекова, Валентина Хальзова және Фариза Шолтай секілді спортшылардың әрқайсысына 10 мың АҚШ доллары табыс етілді.
Бұл кеште сондай-ақ боксшылар құрамаларының жеңіске жетулеріне зор үлесін қосқан жаттықтырушылар құрамы, кеңесшілер, кешенді ғылыми топ мүшелері еңбектері де еленді. Осылайша, құрама штатындағы жаттықтырушылар мен атлеттердің жеке ұстаздары, дәрігерлер тобы, массаж жасаушылар және басқа да мамандар 1 мыңнан 15 мың АҚШ долларына дейінгі аралықта сыйақы алды. Мұндай құрметке ие болғандар қатарынан спортшылардың аналары да табылды.
Айрықша атап өтетін бір жайт, құрама тізгінін биылғы 3 қаңтарда қолға алып, қысқа мерзім ішінде команданың рухын бұрынғы деңгейіне көтере білген бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов федерация басшысы тарапынан 25 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық пен автомобиль алды.
«Әлем чемпионаты кезінде бізге зор қолдау көрсеткен бүкіл Қазақстан халқына тағы да алғыс айтамын. Федерация, команда үшін бұл – үлкен мәртебе. Біз әрқашан сенімді ақтауға тырысамыз. Қазір Қазақстан құрамасы әлемдік бокс рейтингінде көш бастап тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев чемпиондарымызды алғашқылардың бірі болып құттықтады. Елге оралғаннан кейін боксшыларды Ақордада қабылдап, марапаттады. Бұл еңбегіміздің еленгенін, бағаланғанын білдіреді. Бүгінгі іс-шарамыз ерекше екенін айтып өтейін. Өйткені, біз спортшылар мен жаттықтырушыларды ғана емес, алғаш рет чемпиондарымыздың аналарын да марапаттап отырмыз. Бұдан былай бұл дәстүрге енеді деп ойлаймын. Алып анададан туады, сондықтан, ақ аналарымызға үлкен алғыс айтамын», – деді Кеңес Рақышев.