Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Бұдан былай Нұрсұлтан Назарбаевты жәбірлеген адам жауапқа тартылмайды

АСТАНА. 31 мамыр. Қылмыстық кодекстен Елбасыны жәбірлеу жайлы бап алынып тасталады, себебі, қазір ондай статус жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты жәбірлеген кісіні қылмыстық жауапқа тарту жазасының өз күшін жоюы мүмкін екенін айтты.

«Мұндай түзетулер қарастырылған. Активтерді қайтару туралы заң жобасы аясындағы ілеспе құжатта жауапкершілікті алып тастайтын норма бар. Бұл қадамдар Конституцияда қабылданған түзету аясында ескерілген. Конституцияда Елбасы және оның өкілеттіктері туралы көрсетілмеген, сондықтан бұл баптардың Қылмыстық кодексте болуы қажетті емес. Өйткені, Елбасы деген мәртебе қарастырылмаған және қылмыстық жауапкершілік енді болмайды әрі қолданылмайды», – деді Снежанна Имашева тілшілер сұрағына жауап бере келіп.

Сонымен қатар ол аталған норма заңнамада қашан жойылатынын айтты.

«Активтерді қайтаруға қатысты заң жобаларының барлық пакетін қабылдаған кезде, бұл нормалар да алынып тасталады. Осы нормаларды Мәжілістегі біздің комитет қарастырып жатыр. Тіл тигізгені үшін қарастырылған жауапкершілік нормасы жойылады», – деді депутат.

Жақында Парламент Мәжілісі заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы мен бірнеше ілеспе құжатты талқылайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қылмыстық кодекстен Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізгені үшін жазаға тартатын 373 және 374-баптар алынып тасталады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button