Ташкенттегі чемпионаттан кейін қазақ боксшылары бірінші орынға шықты
АСТАНА. 29 мамыр. Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатынан кейін Қазақстан құрамасы IBA рейтингісі бойынша бірінші орынға орналасты. Бұл туралы Vesti.kz дерегіне ден қойған rast.kz хабарлайды.
«Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұлттық құрамалардың жаңарған рейтингін жариялады. Ташкенттегі әлем чемпионатынан кейін тізімде Қазақстан құрамасы көш бастап тұр», – делінген хабарламада.
Жаңарған рейтингте қазақ боксшылары 81 000 ұпаймен бірінші орынға берік орын тепті. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы (60 800) жайғасты. Ал үздіктер үштігін Ресей құрамасы (58 050) тұйықтады.
Еске сала кетейік, Ташкенттегі әлем чемпионатында медальдар саны бойынша Өзбекстан құрамасы бірінші орын алды. Ол 5 алтын, 2 күміс және 2 қола, барлығы 9 медальді қоржынға салды. Қазақстан жасағы 4 алтын, 1 күміс медальмен екінші сатыдан көрінді.
IBA рейтингіндегі 10 үздік құрама қатары мынадай:
- Қазақстан – 81 000
- Өзбекстан – 60 800
- Ресей – 58050
- Үндістан – 55 500
- Куба – 45 300
- Бразилия – 43 400
- Италия –38 980
- Түркия – 38 450
- Мексика – 37 650
- АҚШ – 34 950.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасын қысқа мерзім ішінде осындай өте биік белеске көтерген бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов биылғы 3 қаңтар күні команда тізгінін қолға алған болатын.
Суретте: Ташкентте өткен әлем чемпионатының қазақстандық жүлдегерлері және Мырзағали Айтжанов