Софи Лорен өз ұлының киносына түсіп жатыр
РИМ. 21 ақпан. Атақты Софи Лорен өз ұлы түсіріп жатқан фильмде басты рольде ойнайды. Бұл туралы Deadline жазды.
Итальянның 85 жастағы актрисасы 10 жылдық үзілістен кейін осылайша экранға қайта оралды. Ол Netflix жобасы бойынша қанат қағатын «Бүкіл өмір алда» атты картинада мадам Розаның бейнесін сомдайды.
Фильмнің режиссері – Эдоардо Понти. Ол – Софи Лореннің туған ұлы. Аналы-балалы екеу бұдан бұрын да бір рет, 2002 жылы «Тек біздің арамызда» деген картинада бірге жұмыс жасасқан.
«Мен өзімнің өмір жолымда бірқатар ірі студияларда жұмыс істеп көрдім. Бірақ олардың бірде-бірінде дәл осы Netflix жобасындағыдай кең ауқымның болмағанын сеніммен айта аламын. Маған ұнайтыны да осы», – деді актриса өзінің жаңа жұмысы жайында.
Фильмнің сюжеті жазушы Ромен Гаридің осы «Бүкіл өмір алда» деген кітабынан алынған. Ол екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистердің Еуропадағы еврейлерді жаппай қырып-жоятын Холокост оқиғасына арналады. Мұндағы Роза сол қырғыннан аман шыққан еврей қызы болатын. Ол кейін өзі қартайғанда Сенегалдан келген 12 жасар Момо деген қара баланы қамқорлығына алады.
Фильмді түсіру 2019 жылы жазда басталған. Түсіру жұмыстары 2020 жылғы наурызда аяқталуы керек. Бірақ прокатқа қашан шығатыны белгісіз.