Ердоған Түркия президенті сайлауында жеңіске жеткенін мәлімдеді
АНКАРА. 29 мамыр. Түркияның іс басындағы президенті Реджеп Тайип Ердоған өзінің Түркия президенті сайлауында тағы да жеңіс тұғырынан табылғанын жария етті. Бұл туралы Anadolu дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Сайлаудың екінші турының ресми нәтижесі әлі жарияланбағанына қарамастан, алдын ала санаққа сәйкес, қазіргі мемлекет басшысының шынында бәсекелесінен көбірек дауыс жинағаны ешқандай күмән тудырып тұрған жоқ.
Үкіметтік Anadolu ақпарат агенттігінің мәліметінше, 98 пайызы тексеріліп біткен бюллетендер Ердоғанның 52,1 пайыз дауыс алып тұрғанын аңғартады. Ал оның қарсыласы, оппозиция лидері Кемал Кылычдароглу 47,9 пайыз жақтастар жинаған. Оппозициялық Anka агенттігі 98,6 пайызы өңделіп шыққан дауыс беру қорытындысында Ердоғанның – 52,01, Кылычдароглудың 47,99 пайыз дауысқа ие екенін атап өтті.
Кылычдароглу алғашқы турдағыдай Анкара, Измир және Ыстанбұл секілді ірі қалаларда 50 пайыздан жоғары дауысқа ие болды.
Түркияның Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, бюллетендердің 75 пайызы өңделген кезде іс басындағы президент 53,41 пайыз дауыс жинап тұрған.
Ердоған Ыстанбұлда жеңімпаз сөзін сөйледі. Ол екінші тур елдегі демократияның мерекесі болғанын айтып, қолдау білдіргендері үшін өз жақтастарына алғыс сезімін жеткізді.
Қазір сайлау нәтижесі ресми жарияланбай тұрыпғ Ердоғанды жеңісімен құттықтап жатқандар бар. Алғашқылардың қатарынан Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани, Ливия ұлттық бірлік үкіметінің басшысы Әбдел Хамид Дбейба және Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан бар.