Белгород облысына шабуыл жалғасуда, Ресей тағы 2 селосынан айрылды
МӘСКЕУ. 23 мамыр. «Ресей ерікті көтерілісшілері» (РЕК) жаңа екі шептен шекараны кесіп өтіп, Горький және Щетиновка кенттерін өз бақылауына алды. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарының дерегі бойынша rast.kz хабарлайды.
Ресей көтерілісшілерінің Белгород облысының территориясын жарып өтулері жалғасып жатыр. Атап айтқанда, «Ресей ерікті корпусы» мен «Ресей бостандығы» легионы облыста тағы екі елді мекенді өздерінің бақылаулары аясына енгізді. Шекараның екі жерінен жарып өткен жасақтар РФ армиясының таңдаулы топтарын ығыстырып шығарды.
Қолда бар ақпарға сәйкес, Горький және Щетиновка кенттері қазір көтерілісшілерге бағынады.
Ресей БАҚ-тары мен Telegram-каналдары бұрынғысынша үрейге бой алдырып тұр. Себебі, олар РФ билігі тарапынан нақты да шынайы ақпар ала алмай отыр. Кремль бұған қатысты түсіндірме беруден бірден бас тартты. Ол ресейлік журналистерге бұл мәселе бойынша қорғаныс министрлігінен сұрауды тапсырды.
«ДХР»-дың бұрынғы соғыс командирі және ресейлік арнайы қызметтің экс-офицері Игорь Стрелков-Гиркин өзінің Telegram-каналында ресейлік көтерілісшілердің шекараны екі жерден жарып өткендерін, Ресей билігінің Горький мен Щетиновкадан айрылып қалғандарын растады.
Мұның алдында Белгород облысы тұрғындарының жаппай ішкергі Ресейге қарай қашып жатқандары, осының салдарынан жол бойларында ұзын кептелістердің пайда болғаны айтылған еді.
Кейбір шолушылар алдағы уақытта толқулар мен бас көтерулердің Ресейдің біраз облысы жерінен шығатынын, соның ішінде Волгоград және Астрахан облыстары бар екенін алға тартады.
Ресей армиясының басқыншылық соғысы созыла түссе, бұл секілді қарулы қақтығыстар жиілей түсуі, олардың елдің әр жерінен бұрқ ете қалуы мүмкін.