Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Чемпионаттың екінші күнінде екі боксшымыз жеңіс жолын жалғастырды

ТАШКЕНТ. 2 мамыр. Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында бүгін ерлер арасындағы әлем чемпионатының екінші күнінде де қазақстандық екі атлет рингке шығып, жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Бүгін 63,5, 75, 80 және 86 келіге дейінгі салмақтардағы атлеттер өзара күш сынасты. Шайқастар күндізгі және кешкі сессиялар болып, екіге бөлініп өткізілді.

Күндізгі сессия 14:00-17:00 сағат аралығында, кешкі сессия 18:00-21:30 сағат аралығында шаршы алаңды шайқады.

Біздің 86 келіге дейінгі салмақтағы саңлағымыз Сағындық Тоғамбай күндізгі сессияда өнер көрсетті. Ол 1/16 финалдық іріктеу сайысында Конго Демократиялық Республикасының өкілі Мбелин Нландумен кездесті. Шайқас үшінші раундта біздің бағланның қарсыласын үшінші мәрте нокдаунға жіберуіне байланысты уақытынан бұрын техникалық нокаутпен аяқталды.

Кешкі сессияда күш сынасқан 63,5 келіге дейінгі алмақтағы Санатәлі Төлтаев 1/32 финалдық іріктеу жарысында израильдік Ахмед Штивимен беттесті. Жекпе-жек тартысты өтті. Бірінші раундта біздің оғлан 4:1 есебімен басым болды. Екінші раундта оның қарсыласы белсенділеу көрінді. Ал үшінші раундта екі жігіт те аянбады. Бірақ қазақстандықтың соққылары көбіне дәл тиіп жатты. Нәтижесінде Санатәлі жеңіс тұғырыннан көрінді.

Айта кетуіміз керек, бұл күні екі бөгде елдің құрамалары сапында өнер көрсетіп жүрген екі қазақ жігітінің де мерейлері үстем болды. Атап айтқанда, Өзбекстан командасындағы Руслан Абдуллаев 63,5 келіге дейінгі салмақта Пуэрто-Рико өкілі Мануэль Фебусті айқын ұтса, Қытай командасындағы Тоқтарбек Таңатқан 80 келіге дейінгі салмақта армян Амбарцум Акопяннан едәуір басым болды.

Еске сала кетейік, кеше әлем чемпионатының бірінші күні қазақстандық екі боксшы 1/32 финалдық сайыс шеңберінде шаршы алаңға шығып, екеуі де жеңіске жеткен болатын. Атап айтқанда, 60 келіге дейінгі салмақтағы Талғат Сырымбетов тай Сакда Руамтхамды, 92 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай болгар Радослав Пантелеевті ұтты.

Ертең, 3 мамыр күні Талғат Сырымбетов 1/16 финалда иорданиялық Мохаммед Абу Джаджехпен кездеседі. Ал 4 мамырда Санатәлі Төлтаев қырғыз Жанторо Ташиевпен күш санасса, 92 келіден ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Алексей Дрюновпен күш сынасады. Бұдан әрі 5 мамырда үш жігітіміз шаршы алаңға шығалы.

Суреттерде: Сағындық Тоғамбай

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button