«Аузынан апат болған» Башинская депутаттықтан кетуге мәжбүр етілді
АЛМАТЫ. 2 мамыр. Украинаға Қырымның орнына Түркияға соғыс ашуға кеңес берген Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинская мандатын тапсырды. Бұл туралы ҚазТАГ-тың дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алматы қалалық мәслихатының VIII шақырылымына Amanat-тан депутат болып сайланған Анна Башинская Украина президенті Володимир Зеленьскийге Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасауды ұсынып, жанжалдың астында қалды.
«Ең жақсысы Түркия ғой, Зеленьский мырза! Онда жыл бойы күн жылы» деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинскаяның посты осыдан кейін Amanat партиясының қалалық филиалында талқыланып, қатты сынға алынды. «Талқылауда депутаттан мандатын тапсыру талап етілді», – деді партияның қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров.
«Алматы қалалық мәслихатының депутаты А. Башинскаяның Facebook-те жанжал туғызған комментариіне байланысты. А. Башинскаяның айтқандары Amanat партиясының позициясымен сәйкес келмейді. Біздің партия басқа елдердің саясатына араласпайды. Анна Башинская өзінің бұл комментариі үшін кешірім сұрады. Соған қарамастан, айтылған ойдың салмағы ескеріле келе, оның әрекеті тиісті партия органдарында қаралатын болады. Мәслихат депутаты үшін өз мемлекетінің мүддесінен жоғары ештеңе болмауға тиісті», – делінген сейсенбі күні Facebook-те жарияланған хабарламада.
Алматы қалалық мәслихатына Amanat партиясынан сайланған Анна Башинская осыдан кейін өзінің депутаттық мандатын тапсырғанын баяндады.
«Өзімнің әрекетіммен еліміздің бейбітшіліксүйгіш реңкіне көлеңке түсіргім келмейді. Осы күндердің бәрінде мен жан-жақты ойландым, менің әрекетімді айыптаушылардың сезімдерін тереңінен түсіндім. Бүгінгі күннің шындығы тұрғысында менің комментариім орынсыз болғанын тағы да қайталап айтқым келеді. Осы арқылы қоғамның көз алдында күрдел жағдайды туғызып алыппын. Осыған байланысты, мен партияның ресми позициясын толық қолдаймын. Өзімнің жеке жауапкершілігімді сезіне отырып, депутаттық өкілеттігімді өткізуге шешім қабылдадым. Барлық отандастарым мен партияластарымнан жіберген қателігім үшін шынайы кешірім сұраймын. Барлығыңызға жақсылық пен тыныштық тілеймін», – деп жазды Башинская сейсенбі күні Facebook-те.