Бокс: Әлем чемпионатының бірінші күні екі боксшымыз да жеңіске жетті
ТАШКЕНТ. 1 мамыр. Өзбекстан астанасында бүгін басталған бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатының бірінші күнінде рингке шыққан қазақстандық екі атлет те жеңіс тойын тойлады. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Еске сала кетейік, Ташкентте сөреден озған додаға 102 елден келген 538 спортшы қатысқалы тұр.
Бүгін 57, 60, 92 килоларға дейінгі және 92 килодан ауыр салмақтағы атлеттер жекпе-жектерін өткізді.
Бізден бірінші болып рингке шыққан 60 килоға дейінгі салмақтағы құрама дебютанты Талғат Сырымбетов таиландтық Сакда Руамтхамнан үш раунд бойы басым болды. Сол сияқты, 92 килоға дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай болгар Радослав Пантелеевтен жеңісті тартып әкетті.
Енді Талғат 4 мамырда иорданиялық Абу Жаженмен, Айбек 5 мамырда италиялық Моухадинмен шайқасады.
Ертең, чемпионаттың екінші күні бізден Санатәлі Төлтаев (63,5 кг) пен Сағындық Тоғамбай (86 кг) рингке көтеріледі. Бұлардың біріншісі 1/32 финалдық іріктеу жекпе-жегі аясында израильдік Штифимен, екіншісі 1/16 финалдық шайқас есебінде Конго Демократиялық Республикасының өкілі Мбели Мландумен қолғап түйістіреді. Екеуі де сағат 13:00-17:00 арасында өтетін күндізгі сессияда өнер көрсетеді.