Қытай, Армения, Қазақстан РФ-ны «агрессор» деп танитын қарарды қолдады
НЬЮ-ЙОРК. 1 мамыр. Қытай, Армения және Қазақстан БҰҰ-ның Еуропа Кеңесімен әріптестік туралы қарарын қолдап дауыс берді. Онда РФ-ның Украинаға қарсы агрессиясы айыпталады. Бұл туралы «Новая газета – Европа» ақпарына сілтеме жасаған rasr.kz хабарлайды.
«Сәуірдің 26-сы күні болып өткен БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 77-ші сессиясының барысында Қытай Бірікккен Ұлттар Ұйымының Еуропа Кеңесімен РФ-ның Украинаға қарсы агрессиясы атап өтілетін әріптестік туралы қарарын қолдап дауыс берді. Құжаттың мәтіні БҰҰ-ның ресми сайтында жарияланды», – делінген басылым хабарында.
Бейжің осы арқылы Ресейдің Украинаға жасап отырған оккупациялық соғысын айыптап, ақыры оны агрессор деп танитын елдердің қалың тобына қосылды.
«Қытай БҰҰ-да Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты қатқыл тұжырымдамалы құжаттарға дауыс беру кезінде ылғи «қалыс қала беру» практикасынан бас тартуға шешім қабылдады. Қытай делегациясы Бас ассамблеяның Ресейді «агрессор» деп атаған қарары үшін дауыс берді, мұны БҰҰ-да Исландия үкіметі жариялаған мәліметтер көрсетіп беріп отыр», – деп жазады The Moscow News ресурсы.
Бейжіңнің кенеттен мұндай шешім қабылдауына жақында Щи Дзиңпиң мен Володимир Зеленьскийдің соғыс басталғалы бірінші рет телефон арқылы сөйлесулері айтарлықтай әсер еткен сияқты.
Порталдың хабарлауынша, барлығы 122 мемлекет қарарды қолдап, дауыс берген. Олардың қатарында Ресеймен ҰҚШҰ (орысша – ОДКБ) деп аталатын өзі де «шартты» ұйымның мүшелері болып саналатын Армения мен Қазақстаннан бөлек, Мәскеу өзіне «дос» деп білетін Бразилия, Үндістан, Аргентина, Түркия, Израиль, Грузия, Моңғолия, Вьетнам дәулеттері де бар.
Қарарға қарсы шыққандар қатарын бұл жолы Ресей, Беларусь, Сирия, Никарагуа және Конго Демократиялық Республикасы ғана толықтырып тұр. Сол сияқты Иран, Куба, Ирак, Оңтүстік Африка Республикасы, Сенегал, Ангола, Эфиопия, Ботствана, Гондурас, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ангола, Мауру, Того секілді елдер әдеттегідей қалыс қалушылар қатарынан табылған. Ал Әзербайжан, Молдова, Түрікменстан, Венесуэла дауыс беруге қатыспай қалыпты.
Бас ассамблеяда қабылданған «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестік» қарары жобасында бұл құжаттың не үшін қажет екені мынадай нақты тұжырымдама арқылы атап көрсетілген:
«РФ-ның Украинаға қарсы агрессиясынан, соған дейінгі Грузияға қарсы агрессиясынан, Ресейдің Еуропа Кеңесіне мүшелігін тоқтатқанынан кейін бүгінгі таңда Еуропа алдында тұрған теңдессіз дабылдарды ескергенде, әсіресе, кез келген мемлекеттің территориялық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігін құрметтеу негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті жедел қалпына келтіру мен қолдау, соғыс қимылдары кезінде адам құқығы мен халықаралық адамгершілік нормаларын қамтамасыз ету, құрбандықтарға шығындарын өтеу, халықаралық құқықтар нормаларын бұзуға кінәлілерді жауапқа тартуды жүзеге асыру әрекеттері БҰҰ мен Еуропа Кеңес арасындағы әріптестікті нығайта түсуді талап етеді».
Мынадай мазмұндағы қарарды қабылдаудың өзі Ресейдің Украинаға жасап отырған агрессиясын мойындау болып табылады.
Сарапшылар бұл мәселеде, әсіресе, Армения мен Қазақстан көрсеткен батылдық пен шешімталдыққа айрықша мән беріп жатыр. Ал Ресейдің ресми ресурстары тым-тырыс. Дегенмен, сарапшылар аталмыш фактінің Мәскеуді едәуір теңселтіп жібергенін атап өтуде.
Ресейлік экономикалық сарапшы Анатолий Несмиян бұл ретте Путиннің надан саясаты Мәскеудің тіпті ең жақын одақтастары – Қазақстан мен Арменияны принципті мәселеде өздерін жариялы түрде тастап шығуға апарып соқтырғанын алға тартады. Шынында да Кремльдің айтағымен соңғы уақыттардың өзінде шовинист пропагандистер бұл екі елге талай рет үріп бақты. Мұны саясатганушылар анық көріп-біліп отыр.
«Режимнің шулы бараққа айналдырып жіберген елі бізбен әлі де әлдеқандай бір қатынас жасасып, қолдау көрсетуге тырысып жүргендердің өздерінің заңды реакциясын туғызатын әрекеттерге жиі жүгінеді. Жарайды, Америка-Еуропа бізге қайткенде жаманшылық жасауды армандап, ойлап, түстерінде көріп жүретін жау бола-ақ қойсын жүдә. Солай дей тұрайық. Бірақ қазақтар мен армяндарды бізге қарсы дауыс беретіндей дәрежеге дейін жеткізу не үшін қажет болды?», – деп жазды Несмиян өзінің Telegram-каналында.